Қазақстанның халықаралық аренадағы орны мен басқа елдермен мәдени байланысы бірнеше тарихи оқиғамен тығыз байланысты. 1978 жылы Қазақстанда денсаулық сақтау саласындағы алғашқы халықаралық көпжақты конференция өтіп, Үндістанның Керала штатымен бауырластық қарым-қатынас орнатылған. Бұл туралы БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» (UNAI) бастамасының жетекшісі, «БҰҰ шежіресі» журналының бұрынғы бас редакторы Раму Дамодаран Нархоз университетінде өткен халықаралық MIND FOR PEACE конференциясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол сөзін Қазақстанның халықаралық ынтымақтастық тарихындағы екі маңызды датаны еске алудан бастады. Соның бірі – 1978 жыл.
Раму Дамодаранның айтуынша, сол жылы ЮНИСЕФ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан үкіметіне алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі халықаралық конференцияны өткізу туралы ұсыныс жасаған. Бұл жиын денсаулық сақтау саласындағы алғашқы көпжақты конференция ретінде де тарихта қалды.
Бұл, бір жағынан, кейін Қазақстанның ерекшелігіне айналған жолдың бастамасы болды. Ол кезде Қазақстан Кеңес Одағының құрамындағы одақтас республика еді, кейін дербес мемлекет ретінде әлемге танылды, – деді ол.
Сарапшы 1978 жылы Қазақстан мен Үндістанның Керала штаты арасында да маңызды келісім жасалғанын еске салды. Құжатта екі тарап бауырлас республикалар немесе бауырлас мемлекеттер ретінде сипатталған. Соның нәтижесінде екі ел арасында мәдени байланыс пен тәжірибе алмасу дамыған.
Біздің штатта Қазақстанды бұрынғы Кеңес Одағы немесе Ресейге қарағанда жақсы білетін адамдар көп, – деді Раму Дамодаран.
Сарапшы атаған екінші маңызды дата – 2010 жылғы 4 қараша. Бұл күн БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бастамасын іске қосуға дайындық кезеңімен байланысты. Бастаманың ресми тұсаукесері сол жылдың 10 қарашасында өткен.
Раму Дамодаранның сөзінше, бастаманы іске қосар алдында БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Пан Ги Мунмен соңғы мәселелер талқыланған. Сол кездесуде кейбір лауазымды тұлғалар халықаралық ұйымның академиялық ортамен тығыз жұмыс істеуіне күмән келтірген.
Алайда Пан Ги Мун ғалымдар мен зерттеушілердің тәжірибесін пайдаланудың маңызын атап өткен. Оның пікірінше, әлем елдерінің үкіметтері күрделі мәселелерді шешу үшін академиялық қауымдастықтың біліміне жиі жүгінеді.
Біз де сол серіктестермен жұмыс істеуден қашпауымыз керек. Олардың білімін, негізінен саяси ұстанымдардан тәуелсіз әрі адамзатқа ортақ даналығын пайдалануымыз қажет, – деген еді сол кезде Пан Ги Мун.
Сөз соңында сарапшы қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының адамзат ақыл-ойының бірлігі туралы идеясына тоқталды. Оның пікірінше, әр адамның өз ақыл-ойы арқылы шешім қабылдап, қоғамға ықпал ету мүмкіндігі бар. Дегенмен жеке адамдардың мүмкіндігінен де жоғары тұратын ортақ зияткерлік күш бар.