Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары қанша?

25 Қаңтар 2023, 13:40
1166
Бөлісу:
Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары қанша?
Фото: tengrinews.kz

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 14,7 трлн теңге, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Айта кету керек, 2022 жылы бұл көрсеткіш 1,6 трлн теңгеге (немесе 12,2%) өсті. Салыстырып қарасақ, 2021 жылы зейнетақы жинақтарының өсімі тек 1% құрады. Бұл жинақтаушы зейнетақы жүйесінің даму қарқыны, зейнетақы жинақтарының өсуі жыл сайын 15%-дан 20%-ға дейін болған кезде зейнетақы жинақтарының баламалы мақсаттарға айтарлықтай алынуына дейінгі кезеңдердің көрсеткіштеріне жоспарлы түрде қайтарылатынын білдіреді.   

Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары 2023 жылғы 1 қаңтарға 14,2 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 11,9%  ұлғайды.   

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 12 айда 23,4% ұлғайып, шамамен 445,4 млрд теңге болды. 

Ең үлкен өсімді, яғни 107% астам көрсеткішті ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар берді. Олар 2022 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 3,6 млрд теңге. 

Жинақтардың жалпы өсімі зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыс түріндегі кіріс ағындары есебінен қамтамасыз етілді. Бұл ретте салымшылардың шоттарына жарналар түрінде бір жыл ішінде 1,7 трлн теңгеден астам қаражат түсті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 29 %-ға көп. Өсім жарналардың барлық түрлері бойынша орын алды: МЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) бір жыл ішінде 1,65 трлн теңге түсті (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МЗЖ көлемі 28% ұлғайды), МКЗЖ – 77 млрд теңге (39%-ға өсті), ЕЗЖ жарналары бір жыл ішінде 2,3 млрд теңге (өсім 190%), - делінген БЖЗҚ таратқан хабарламада.

2022 жылы инвестициялық кіріс 914 млрд теңгеден асты. Яғни, өткен жылдың қорытындысы бойынша активтердің кірістілігі оң сипатқа ие.       

БЖЗҚ-дан төлемдер түріндегі шығыс ағындары жыл басынан бері шамамен 1,2 трлн теңгені құрады. Оның басым бөлігі тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЖТ) – 918 млрд теңге. Бұл ретте баламалы мақсаттарға төлемдер көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 65%-ға төмендеді. 

Жас бойынша төлемдер 20% ұлғайып, шамамен 122 млрд теңге болды. Айта кету керек, БЖЗҚ-дан кесте бойынша орташа айлық төлем сомасы (зейнет жасына толуға байланысты) 29 973 теңгені, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 707 326 теңге.

Сондай-ақ, мұрагерлік бойынша төлемдер – 60,2 млрд теңге, ҚР шегінен тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 48,3 млрд теңге, мүгедектік бойынша төлемдер – 2,5 млрд теңге, жерлеуге төлемдер – 5,3 млрд теңге. Сақтандыру ұйымдарына шамамен 26 млрд теңге аударылды.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 12,1 млн. Міндетті зейнетақы жарналары бойынша – шамамен 11 млн. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша МКЗЖ бойынша шоттар саны – 595 710. ЕЗЖ есебі бойынша 358 695 ЖЗШ ашылды. 

Зейнетақы активтері бойынша, оның ішінде республика өңірлері бөлінісінде статистикалық деректер туралы барлық өзекті ақпарат enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер" бөлімінде орналастырылған. 

Өзгелердің жаңалығы