Қазақстандықтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинағы артып келеді. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ел азаматтарының зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі 28,47 трлн теңгеден асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,36 трлн теңгеге немесе 13,4%-ға көп, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БЖЗҚ мәліметінше, міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен жиналған қаражат көлемі 26,37 трлн теңгені құрады. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 2,53 трлн теңгеге немесе 10,6%-ға өскен.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша жинақ көлемі 746,13 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 5%-ға артты. Ал ерікті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражат 10,43 млрд теңгені құрап, 7,1%-ға көбейген.
Сонымен қатар 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) бойынша жинақ көлемі 1,35 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамамен 2,5 есеге артқан.
Жинақ көлемінің өсуіне зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыс әсер еткен. Биылғы жылдың алғашқы сегіз айында қазақстандықтардың жеке және шартты зейнетақы шоттарына 2,44 трлн теңге көлемінде жарна түскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,9%-ға немесе 334,4 млрд теңгеге көп.
Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары бойынша шоттарға 1,87 трлн теңге аударылса, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары көлемі 100,97 млрд теңгені құраған. Ерікті жарналар ретінде 1,4 млрд теңгеден астам қаражат түскен. Ал жұмыс берушілер аударған міндетті зейнетақы жарналарының көлемі 471,18 млрд теңгеге жеткен.
Биыл жыл басынан бері салымшылардың шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс көлемі 1,2 трлн теңгеге жуықтады.
Ал зейнетақы төлемдері мен сақтандыру ұйымдарына аударылған қаражат көлемі 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында 1,24 трлн теңгеге жетті.
Оның ішінде жасына байланысты төленген зейнетақы көлемі 196,23 млрд теңгені құрады. БЖЗҚ-дан зейнет жасына жеткен азаматтарға төленетін орташа ай сайынғы төлем мөлшері 39 008 теңге болған.
Тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері 462,75 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ мұрагерлік бойынша төлемдерге 70,61 млрд теңге, Қазақстаннан тұрақты тұру үшін көшіп кеткен азаматтарға 33,62 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға 2,32 млрд теңге және жерлеу рәсімдеріне 6,33 млрд теңге төленген. Бұдан бөлек, сақтандыру ұйымдарына 470,49 млрд теңге аударылған.
2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны 19,01 миллионға жетті. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,13 миллионға көп. Оның ішінде жеке зейнетақы шоттарының саны 12,87 миллионды құрайды. Ал жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есепке алынатын шартты шоттар саны 6,14 миллионға жеткен.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдікті жүзеге асыру тәртібі өзгереді.