Қазақстандықтардың ипотека бойынша 248 млрд теңге қарызы кешіріліп, 60 мың адамға қолдау көрсетілді

248 млрд теңге қарыз кешірілді: Қазақстанда 60 мың адам ипотекалық қолдау алды.

13 Қазан 2026, 14:08
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 13 Қазан 2026, 14:08
13 Қазан 2026, 14:08
279
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

2015 жылдан бері ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша 60 мың адам көмек алды. Қолдаудың жалпы сомасы 678,2 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның ішінде 248,3 млрд теңге – есептен шығарылған пайыз, комиссия, айыппұлдар мен өсім.

Тағы 10,6 мың халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушыларға 101,2 млрд теңге көлемінде қосымша көмек көрсетілді.

Бұдан бөлек, 395 тұрғын үй банктің балансынан бұрынғы иелеріне қайтарылды.

«2015 жылдан бастап жалпы сомасы 678,2 млрд теңгеге 60 мың қарыз алушыға қолдау шаралары көрсетілді, оның ішінде аталған қарыз алушылардың пайыздар, комиссиялар мен өсімпұлдар бойынша 248,3 млрд теңге берешегі кешірілді», – деп хабарлады Мадина Әбілқасымова.

Бағдарламаның мәні қарапайым: азаматтың жалғыз баспанасынан айырылып қалмай, ипотекасын одан әрі төлей алуы үшін оның борыштық жүктемесі азайтылады.

Негізгі механизмдердің бірі – негізгі қарызды жылдық 3%-дан аспайтын мөлшерлемемен қайта қаржыландыру. Мұнымен қоса, жинақталған пайыздар, комиссиялар, айыппұлдар мен өсімпұлдар кешірілуі мүмкін.

Бастапқыда мемлекет бұл бағдарламаға 291 млрд теңге бөлген болатын. Алайда қаражат айналым режимінде қолданылады: бір қарыз алушы қарызын қайтарғанда, бұл қаражат келесі адамға бағытталады.

Осының арқасында көрсетілген көмектің жалпы көлемі 678,2 млрд теңгеге дейін артты. Бұл бастапқыда бөлінген сомадан 2,3 есеге артық.

Соңғы жылдары билік банктерге қатысты талаптарды да қатаңдатты. Оларға пайыздар мен айыппұлдар есебінен қарызды көбейту мүмкіндігі шектелді, сондай-ақ проблемалық қарыз алушылардың өтініштерін қарауға және олардың қаржылық жағдайын ескеруге міндеттелді.

Наверх