Қазақстандықтар жұмыс берушілерге 310 мыңнан астам аурухана парағын онлайн жіберді

Электронды сервис 2024 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

 gov.kz 19 Қыркүйек 2026, 10:24
19 Қыркүйек 2026, 10:24
106
Фото: gov.kz

Қазақстанда HR Enbek платформасындағы «Аурухана парақтары» сервисі арқылы жұмысшылар жұмыс берушілеріне 310 187 электронды аурухана парағын жолдаған. Сервис 2024 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол аурухана парағын электронды түрде алуға және оны жұмыс берушіге онлайн жіберуге мүмкіндік береді. Мәліметтер HR Enbek жүйесіне Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінен түседі.

Электронды құжатты қарап, PDF форматында жүктеп алуға болады. Онда құжаттың түпнұсқалығын тексеруге арналған QR-код бар. Аурухана парағын жұмыс берушіге жүйе арқылы тікелей жіберуге болады. Бұл үшін кеңсеге немесе бухгалтерияға барудың қажеті жоқ.

«Аурухана парақтары» сервисін дамыту жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланысты ыңғайлы әрі жедел етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте жұмысшыға аурухана парағын тапсыру үшін жұмыс берушіге немесе бухгалтерияға жеке барудың қажеті жоқ, – деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Сервис HR Enbek цифрлық экожүйесінің бір бөлігі саналады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, оны дамыту қағаз құжат айналымын азайтып, кадрлық процестерді жеңілдетуге бағытталған.

Наверх