Қазақстандықтар тұзды көп тұтынады – дәрігерлер дабыл қақты

6 Желтоқсан 2024, 11:32
326
Бөлісу:
Қазақстандықтар тұзды көп тұтынады – дәрігерлер дабыл қақты
Фото: pixabay.com

Тұзды шамадан тыс тұтыну қан қысымын жоғарылатады, жүрек-қан тамырлары аурулары мен инсульт қаупін арттырады. Бұл туралы Қазақстанда тұз тұтынуды азайту жөніндегі семинарда айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуі бойынша Қазақстан тұзды көп тұтынатын санаулы елдер қатарына жатады. Бізде тұзды тұтыну тәулігіне – 17 грамм. Бұл ұсынылған нормадан 3, 4 есе артық. Бірақ ДДҰ-ның дерегінше, тәуліктік норма 5 грамнан аспауы тиіс. Сондықтан Қазақстанда тұзды тұтынуды азайту еліміз үшін өте маңызды, - деді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басшысы Айжан Есмағамбетова.

Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тұрақты өкілі Скендер Сыла адамдар тұтынатын тұздың көп бөлігі дүкеннен сатып алынатын тамақ өнеркәсібі өнімдерінде жасырылғанын жеткізді.

Тұзды көп тұтыну Қазақстандағы адам өлімінің негізгі себептері болған гипертония және жүрек-қан тамырлары ауруларына әкеледі. Адамдар тұтынатын тұздың 70-75 пайызы өңделген өнімдерде жасырылған. Қалған 20-25 пайызын қазақстандықтар тамақ дайындағанда және дастархан басында қосады, - деді ол.

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, "Кодекс Алиментариус" комиссиясы және ДДҰ Елдік офисі ұйымдастырып отырған гибридті форматтағы семинарға Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері мен тамақ өнеркәсібінің өкілдері қатысып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы