Қазақстандықтар сирек кездесетін Көк Ай мен биылғы ең кішкентай Айды тамашалай алады

31 мамырда қазақстандықтар сирек кездесетін Көк Ай құбылысын және биылғы ең кішкентай толық Айды тамашалай алады.

 pixabay.com Бүгiн 2026, 11:47
Бүгiн 2026, 11:47
142
Фото: pixabay.com

Мамыр айының соңында қазақстандықтар сирек кездесетін ерекше астрономиялық құбылысты бақылай алады. Биыл бір айдың ішінде екінші рет толық Ай туып, аспанда Көк Ай пайда болады. Сонымен қатар бұл 2026 жылғы ең кішкентай толық Ай болмақ.

Мамыр айы толық Аймен басталып, дәл сондай құбылыспен аяқталады. Астрономдардың айтуынша, мұндай жағдай шамамен 2,5–3 жылда бір рет кездеседі. Сондықтан Көк Ай сирек болатын құбылыс саналады. Келесі осындай көрініс тек 2028 жылдың желтоқсанында байқалады.

Толық Ай 30 мамырдан 1 маусымға дейін анық көрінеді. Ал оның нақты шарықтау сәті 31 мамыр күні Астана уақытымен сағат 13:45-те болады. Егер ауа райы қолайлы болса, құбылысты Қазақстанның барлық өңірінен бақылауға мүмкіндік бар.

Бұл жолғы толық Ай Ай орбитасының Жерден ең алыс нүктесіне жақын орналасады. Соның әсерінен ол әдеттегі толық Айдан сәл кішірек болып көрінеді. Ғалымдар мұндай құбылысты микрoай деп атайды.

Мамандардың мәліметінше, Ай көзге шамамен 5 пайыздай кішірек әрі сәл көмескілеу көрінуі мүмкін. Бірақ бұл айырмашылықты көп адам аңғара бермейді.

Атауы Көк Ай болғанымен, Ай шын мәнінде көк түске боялмайды. Бұл – астрономиядағы шартты атау ғана. Биылғы Көк Ай Сарышаян шоқжұлдызы маңында, қызғылт реңкті жарық жұлдыз – Антарестің жанында орналасады.

Астрономдардың айтуынша, биылғы ең кішкентай толық Ай болса да, ол аспанда бұрынғыдай жарқын әрі әсерлі көрінеді.

Наверх