Ұлттық статистика бюросы туристердің шығын көлемін жариялады. Өткен жылы туристік сапарға шыққан азаматтар саны 11 771,4 мың адамды құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның ішінде республика шегінде 10 265,5 мың адам (87,2%), республикадан тыс жерлерге – 1 505,9 мың адам (12,8%) сапарға шыққан. Сапарлардың 94,1%-ы жеке мақсатта жасалған. Іскерлік сапарлар үлесі - 5,9%. Ең көп келуші тіркелген өңірлердің қатарында Астана қаласы, Түркістан облысы, сондай-ақ Алматы қаласы, Алматы және Қарағанды облыстары бар.
Ел ішінде сапарлағандар жекеменшік автокөлігін (36,1%) және теміржол көлігін (26,4%), ал сырт елге барушылар – әуе көлігін (55,7%) таңдаған.
2025 жылы туристік сапарға шыққандардың ақшалай шығыстары 1 134,2 млрд теңгені құрады, оның ішінде ел ішінде сапарлағандардікі – 659,2 млрд теңге (58,1%).