Қазақстандық триатлоншылар биылғы маусымды қорытындылады

24 Желтоқсан 2021, 17:33
838
Бөлісу:
Қазақстандық триатлоншылар биылғы маусымды қорытындылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда Қазақстан Триатлон Федерациясының 2021 жылдың қорытындысы бойынша салтанатты марапаттау рәсімі өтті. 

Триатлонды дамытуға қосқан үлесі мен оны дамытудағы ерен еңбегі үшін тек кәсіби спортшыларға ғана емес, олардың бапкерлеріне, әуесқой спортшыларға, және де республикалық триатлон қауымының ерекше көзге түскен өкілдеріне де құрмет көрсетілді.

Бүгінгі марапаттау рәсімінің қонақтарын көргеніме қуаныштымын! Баршаңызды 2021 жылғы маусымның сәтті аяқталуымен құттықтаймын! Алда келе жатқан маусымда бүкіл қазақстандық триатлон қауымына үлкен жетістіктер тілеймін, — деді ҚТФ Құрметті президент Кәрім Мәсімов. 

«Жыл жаңалығы – үздік спортшы» номинациясын Чолпон-Атада өткен спринт қашықтығындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, суперспринт, спринт және стандартты қашықтықтардағы триатлоннан абсолютті чемпионы, Pro санатындағы TEMIRADAM кубогінің жеңімпазы – Екатерина Шабалина жеңіп алды.

«Жыл спортшысы» атағын екінші рет 2021 жылғы спринттегі Азия чемпионы, ұлттық рейтингтің абсолютті көшбасшысы, Pro санатындағы TEMIRADAM Кубогының жеңімпазы Дарын Қонысбаев жеңіп алды.

«Жыл бапкері» атағын Ақмола облысындағы жас триатлоншыларды жылдар бойы жаттықтырып келген Каролина Гидич иеленді. Чолпон-Атадағы құрлықтық біріншілікте К. Гидичтің шәкірттері жеңіс тұғырына көтерілді.

«Жыл федерациясы» номинациясында Нұр-Сұлтан қалалық триатлон федерациясы жеңіске жетті. Федерация құрылғаннан бері белсенді жұмыс атқарып, өз бетінше қалалық сайыстар ұйымдастырып, қалалық спортшыларға жан-жақты қолдау көрсеткен.

«Жыл сайысы» болып Ақмола облысындағы Бурабайда 11 шілдеде өткен TEMIRADAM кубогінің ІІІ кезеңі аталды. Номинациядағы жеңіс ҚТФ тұрақты мүшелері арасында өткізілген ресми сайтындағы онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша тағайындалған. Дәстүрлі түрде Бурабайдағы сайыс жыл сайын өткізілетін әрі көптеген спортшының басын қосатын нағыз спорт мерекесіне айналып кеткен.

Өзгелердің жаңалығы