Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Лион (Франция) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
А.Недовесов мексикалық Мигель Анхел Рейес-Вареламен бірге алғашқы айналымда отандасы Андрей Голубев – эквадорлық Гонсалов Эскобармен кездесті.
Бұл кездесуде қазақстандық-мексикалық жұп 7:6 (7:4), 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағат 35 минутқа созылған бәсеке барысында Недовесов пен Рейес-Варела 2 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жібермеді. Голубев – Эскобаро 3 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Қазақстандық-мексикалық дуэтке ширек финал қиынға түседі. Олар жартылай финалға шығу үшін жарыстың 1-ракеткалары, америкалық Раджив Рам – ұлыбританиялық Джо Сэлисберимен таласады.
Жүлде қоры 562 815 еуроға бағаланған Лион додасы 27 мамырда мәресіне жетеді.