Қазақстандық стюардесса Кувейтте белгісіз дерттен жақындарын танымай қалған: ҚР СІМ не дейді?

Қазақстандық стюардесса Кувейтте ем қабылдап жатыр. Сыртқы істер министрлігі жағдайды бақылауда ұстап, отбасына консулдық көмек көрсетуде.

 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев 16 Қараша 2026, 09:43
16 Қараша 2026, 09:43
216
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Кувейтте белгісіз дертке шалдығып, ауруханаға түскен 25 жастағы қазақстандық бортсерікке дипломаттар консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі редакция сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сыртқы саяси ведомствоның мәлімдеуінше, Қазақстан дипломаттары азаматшаның туыстарымен және оны емдеп жатқан дәрігерлермен тұрақты байланыста.

Қазақстандық дипломаттар азаматшаның туыстарымен және емдеуші медициналық мамандармен тұрақты байланыста. Тиісті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде. Бұл жағдай ҚР СІМ-нің бақылауында, – деп жазылған министрлік жауабында.

Айта кетейік, Кувейтте қазақстандық стюардессаның денсаулығы күрт нашарлаған. 25 жастағы қыз Непалдан Кувейтке ұшқан рейстен кейін өзін жайсыз сезінген. Әлеуметтік желі қолданушысы Қайрат Бермұхановтың мәліметінше, сол рейстен кейін экипаждың басқа мүшелерінің де дене қызуы көтеріліп, басы ауырған.

Алғашында екі күн жансақтау бөлімінде ем алған бортсеріктің жағдайы жақсарғаны айтылды. Алайда арада бірнеше күн өткен соң денсаулығы қайта сыр беріп, айналасында не болып жатқанын түсінбей, тіпті жақындарын да тани алмай қалған.

Осыдан кейін Қазақстан дипломаттары араласып, азаматшаны Кувейттегі медициналық мекемеге қайта жатқызуға көмектескен.

Дәрігерлер оның жағдайына байланысты бірнеше болжамды қарастырып жатыр. Алайда аурудың нақты себебі мен түпкілікті диагнозы әзірге жарияланған жоқ.

Наверх