Қазақстандық спортшы паражүзуден әлемдік серияда дебют жасады

Қазақстандық спортшы Берлиндегі беделді паражүзу турниріне алғаш рет қатысты.

 gov.kz Бүгiн 2026, 11:26
Бүгiн 2026, 11:26
72
Фото: gov.kz

2026 жылғы 9 мамырда Берлинде Қазақстан мен тұтас Орталық Азия спорты үшін тарихи оқиға болды. Өңірден алғаш рет спортшы World Para Swimming Series кезеңіне қатысып, халықаралық аренада ел намысын қорғады.

Берлиндегі жарыста Қазақстан атынан Әмір Алпамыс өнер көрсетті. Осылайша ол аталған турнирге қатысқан Орталық Азиядағы алғашқы спортшы атанды. Әлемнің ең мықты паражүзушілері жиналатын бұл дода халықаралық параспорттағы ең беделді жарыстардың бірі саналады.

Әмір кәсіби спорт жүйесінен шыққан спортшы емес. Сондықтан аутизмі бар жас спортшының халықаралық деңгейге дейін жетуі – отбасының қолдауы, жаттықтырушы еңбегі және Idsport федерациясы қалыптастырған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Соңғы 4 жылда федерация инклюзивті спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізді. Интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар спортшылардың құқықтары спорт жүйесінде ресми түрде ескеріліп, заңнамалық және нормативтік өзгерістер енгізілді. Бұл аутизмі бар азаматтардың жоғары жетістіктер спорына келуіне жол ашты.

Бұған дейін 2026 жылдың ақпанында Қазақстан халықаралық спорт кеңістігінде Дастан Ордабай арқылы танылған еді. Мамандардың айтуынша, Әмір мен Дастанның жетістігі тұрақты қолдау мен дұрыс дайындық болса, ерекше спортшылардың әлемдік деңгейде өнер көрсете алатынын дәлелдеді.

Федерация президенті Дина Темірғалиева мен жаттықтырушы Ернұр Сайлаубек спортшылармен алғашқы күннен бірге жұмыс істеп келеді. Олар халықаралық жарыстарға дейін әуесқой додалардан бастап барлық кезеңді бірге өткерген.

Қазір Қазақстан Virtus халықаралық федерациясының құрамына енген Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет саналады. Федерация жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі, велоспорт, баскетбол және шаңғы спортын дамытып жатыр.

Осы ретте Idsport жетістіктеріне тоқтала кетсек:

  • қазақстандық спортшылардың халықаралық Virtus жарыстарына қатысты;
  • Қазақстанда төрт халықаралық Virtus чемпионатының өтті;
  • ерекше спортшыларға арналған жүйенің қалыптасты;
  • 2026-2032 жылдарға арналған халықаралық Road Map бағдарламасы әзірленді;
  • LA 2028 және Brisbane 2032 Паралимпиада ойындарына дайындық басталды.

Ал келесі маңызды кезең – ITTF World Para Future халықаралық турнирі. Ол 2026 жылғы 13–16 шілде аралығында Таиландта өтеді.

Жаттықтырушының айтуынша, Берлиндегі жарыста Әмір нәтижелерін айтарлықтай жақсартқан. Ол 100 және 200 метр еркін стильде жеке рекордтарын жаңартып, 400 метр еркін стильдегі уақытын бес секундқа қысқартты. Сонымен қатар спортшы 100 метр брасс бойынша толық халықаралық классификациядан өтті.

Федерацияның мәлімдеуінше, басты мақсат – жекелеген жарыстардағы нәтиже ғана емес, Қазақстан мен Орталық Азия спортшыларының әлемдік спорт қозғалысының толыққанды бөлігіне айналуы.

Наверх