Алматы қаласында шахматтың «блиц» түрінен құрлықтық Азия чемпионаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл шахматтың ең жылдам нұсқаларының бірі: спортшыға бүкіл партияға 3 минут беріледі және әрбір жүріске 2 секундтан қосылады.
Тоғыз раундтың қорытындысы бойынша қажырлы күресте қазақстандық спортшылар жеңіске жетті. Ашық блиц-турнирде Семей қаласынан келген FIDE шебері, 20 жастағы Арыстан Исанжолов чемпион атанды (стандарт рейтингі 2408, блицтегі рейтингі – 2450).
Үндістаннан келген шахматшы Венкатеш Пранав екінші орынды, ал жерлесіміз Денис Махнев үшінші орынды иеленді.
Әйелдер арасындағы жарыста «алтын» әйелдер арасындағы халықаралық шебер, 18 жастағы алматылық Ксения Балабаеваға бұйырды (стандарт рейтингі 2186, блицтегі рейтингі 2113). «Күмісті» Үндістан спортшысы Дивья Дешмух, «қоланы» моңғол шахматшысы Турмунхийн Мунхзул жеңіп алды.
Блиц бойынша чемпионат Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өтіп, 20-ға жуық елден келген 116 шахматшының басын қосты. Біздің жеңімпаздарымыз атағы жоғарырақ барлық қарсыласын жеңді. Турнирге қатысқан 37 ойыншының блицтегі рейтингі 2 300-ден жоғары, оның алтауының рейтингі 2 500-ден жоғары.
Қазақстан шахмат федерациясының (ҚШФ) атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова айтқандай, дәстүр бойынша блицтен жыл сайынғы чемпионаттар Азияда классикалық жарыспен қатар өткізіледі. Өткен жылы да құрлықтың шахматшылары арасындағы блицте «алтын» Қазақстанға бұйырды. Дәлірек айтқанда, бірінші орынды Ринат Жұмабаев иеленді.
Дәстүр бойынша турнир бірінші жүріс рәсімімен ашылды. Мұндай құрметті құқық Қазақстан шахмат федерациясының (ҚШФ) бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасовқа, федерацияның вице-президенті Марат Есеновке берілді. Сондай-ақ раундтардың бірінде алғашқы жүрісті Азия шахмат федерациясының бас хатшысы Хишам Әл-Тахер жасады.
4 маусымда Алматыда Шахматтан құрлықтық Азия чемпионаты басталады. Салтанатты ашылуы сағат 14:30-да басталады, кіру – тегін.