Қазақстандық шабандоздар Польшадағы турнирде бірінші және екінші орын алды

Қазақстандық спортшылардың жеңісінен кейін марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалды.

 ҚР Ат спорты федерациясы 30 Тамыз 2026, 14:15
30 Тамыз 2026, 14:15
132
Фото: ҚР Ат спорты федерациясы

29 тамызда Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Польшада өткен Wierzbna Biały Las CSI1,3* халықаралық турнирінде жоғары нәтиже көрсетті.

Big Tour санатындағы жарыста қазақстандық шабандоздар қорытынды хаттамада бірінші және екінші орындарды иеленді.

Раиса Соколенко Chevalier атты атымен жарыста жеңіске жетті. Оның ең жақын қарсыласынан басымдығы 5,59 секундты құрады.

Олег Соколенко Shenanigan атты атымен екінші орын алды. Ол да жарысты айып ұпайынсыз аяқтады.

Жарыс Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) ережелері бойынша бір айналымда жылдамдыққа өткізілді.

Қазақстандық спортшылардың жеңісінен кейін марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалды.

Үшінші орынды Польша өкілі Малгожата Кошуцка V-Querida of Vigo Z атты атымен иеленді. Оның нәтижесі – 65,57 секунд. Төртінші орынға Австрия спортшысы Кристиан Ромберг (65,59 секунд) жайғасты.

Жарысқа қатысқан 15 спорттық жұптың тек жетеуі ғана жарысты айып ұпайынсыз аяқтай алды.

Қазақстанның қос жүлдесі ел шабандоздары үшін халықаралық аренадағы «алтын дубль» болды. Федерацииның мәліметінше, мұндай халықаралық жарыстар спортшылар мен олардың аттарының Еуропадағы жарыс жолдарында тәжірибе жинақтап, негізгі халықаралық бәсекелерге дайындалуына мүмкіндік береді.

Наверх