Қазақстандық мультипликатор Тайқазан туралы мультфильм түсіріп жатыр

Қазақстандық мультипликатор Тайқазан туралы  мультфильм түсіріп жатыр
PHOTO
386

Қазақстандық режиссер-аниматор Қуаныш Нағыз «Тайқазан хикаясы» атты мультфильмді түсіріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Анимациялық туынды киелі тайқазанды қайтарып алу үшін жолға аттанып, зұлым жаумен шайқаста қайсар батырлық көрсеткен жас батыр туралы баяндайды.

2007 жылы мен «Алтын жебе» анимациялық фильмдер фестиваліне қатыстым, ол кезде Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА үшінші курс студенті едім. Фестиваль шеңберінде барлық қонақтарды Түркістанды аралатып, Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне алып барды. Сол кезде киелі тайқазанды алғаш көріп, үлкен әсер алдым. Осыдан шамамен екі жыл бұрын тайқазан туралы мультфильмді түсіруді ойлап, барлық деректермен танысып шықтым. Кейін сценарий жазып, осы жазда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының сценарийлер байқауына қатыстым, - деді режиссер Қуаныш Нағыз.

Айта кетсек, Қуаныш Нағыз «Тайказан хикаясы» мультфильмінің сценарий авторы мен қоюшы суретшісі. Бұл жас режиссердің алғашқы жұмысы емес. Ол әр жылдары «Қазақфильм» киностудиясында «Үш сыйлық» және «Менің атым Қозы» сынды басқа да анимациялық туындыларды түсірген. 

Режиссердің айтуына қарағанда, «Тайказан хикаясы» комедиямен аралас түсірілетін шытырман оқиғалы мультфильм. Сонымен қатар ол дайындық кезеңі барысында үлкен жұмыстар атқарылғанын, фильмнің негізгі персонаждары салынғанын, сондай-ақ жобаның аниматигі (сызба нұсқасы) түсірілгенін хабарлады. Бүгінде жас мультипликатор негізгі локацияларды салып, кейбір сахналарды қозғалыспен көркемдеп жатыр. 

2D форматында түсіріліп жатқан «Тайқазан хикаясы» қысқаметражды анимациялық фильмді Ұлттық киноны қолдау орталығы қолдауымен Sugur кинокомпаниясы түсіруде. Аталған мультфильмнің түсіру жұмыстары үстіміздегі жылы қараша айында аяқталады. 

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ашық дереккөз
Өзгелердің жаңалығы