Қазақстандық ғылым саласы. Отандық ғалымдар ерлік жасады – Тоғжанов

12 Сәуір 2022, 15:51
2739
Бөлісу:
Қазақстандық ғылым саласы. Отандық ғалымдар ерлік жасады – Тоғжанов
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Ғылым қызметкерлері күніне орай «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру» тақырыбында форум-көрме өтіп жатыр.

Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҒЗИ-дің басшылары, «Атамекен» ҰКП және бірқатар отандық ғалым қатысып жатыр.

Көрмеде қонақтарға медицина, ауыл шаруашылығы, машина жасау, химия өнеркәсібі, экология және IT-технологиялар салаларында жүзеге асырылған ғылыми жобалар таныстырылды.

Форумның пленарлы отырысының ашылуында сөз алған Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қазақстандық ғалымдарды кәсіби мерекемен құттықтады.

Баршаңызды бүгінгі Ғылым қызметкерлерінің күнімен құттықтаймын. Қазақстан ғылымы – қазіргі замандағы заңнамалық базасы дамыған, инфрақұрылымы қалыптасқан салалардың бірі. Өздеріңіз білетіндей, Президент ғылымды дамытуға көп көңіл бөліп отыр. Қазіргі күні 2026 жылға дейінгі ауқымды тұжырымдама әзірленіп жатыр. Бүгінгі негізгі бағыттардың ішінде математика, биотехнология, молекулярлық биотехнология, клиникалық медицина, нейро ғылым салалары әлемдік деңгейге шыққаны туралы хабардарсыздар. Соңғы жылдары қиын кезеңдерді бірге өткердік. Себебі КВИ қаншама азаматтың өмірін алып кетті. Бұл біздің ғана емес, бүкіл елдің мәселесіне айналған болатын. Яғни үлкен сыннан бүкіл ел болып бірге өттік, – деді Үкімет мүшесі.

Премьер-министрдің орынбасары осы уақытта отандық ғылым жетістікке жеткенін айтты.

Біздің ғалымдар QazVac вакцинасын әзірледі. Әлемде КВИ-ге қарсы 6 мемлекет вакцина шығарса, соның бірі – біздің ел. Олардың қатарында АҚШ, Ресей, Қытай, Англия, Иран елдері бар. Отардағы кішкентай ғана Қордай ауылында отандық ғалымдарымыз вакцинаны жасап, ерлік жасады десек болады, – деп айтты Тоғжанов.

Ол отандық ғылым саласы осымен тоқтап қалмағанын айтты.

Оның сөзінше, Мемлекет басшысы ғылымды дамытуға қатысты нақты тапсырма берді.

Форум-көрме аясында жобаны әзірлеушілер мен бизнес-кәсіпорындар арасында ғылыми жобаларды коммерцияландыру бойынша келісімшарттарға қол қою жоспарланып отыр.

Сонымен қатар пленарлы отырыс соңында үздік ғалымдар марапатталады.

Өзгелердің жаңалығы