Қазақстандық ғалым көз ауруын емдейтін ерекше дәрі ойлап тапты

29 Қаңтар 2024, 08:56
6848
Бөлісу:
Қазақстандық ғалым көз ауруын емдейтін ерекше дәрі ойлап тапты
Фото: Артём Чурсинов -архив

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, PhD Гузель Абилова Ұлыбританиядағы Рединг университетінің Химия, өнімдер және фармация мектебінің профессоры Виталий Хуторянскиймен бірлесе көз ауруын емдеудің тиімді әдісін ойлап тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Ғалым бірнеше жылдық зерттеулерінің нәтижесінде көзге арналған линзаға ұқсас өте жұқа полимерлі дәрілік пленкалар жасап шыққан.

Гузель Қабілетқызының айтуынша, офтальмологиялық дәрілік пленкаларды жасау идеясы 2016 жылы докторантураға түскен кезде пайда болған. Биополимерлер негізінде пленкалық материалдар түріндегі дәрілік формалардың дамуы ғылыми қызығушылығымды тудырған. Осыған дейінгі зерттеулерді зерделей келе, көздің, мұрынның, ауыздың шырышты қабаттарына қолдануға арналған полимерлер негізінде жаңа пленкалы дәрілік формалар жасауға болады. Пленкалар дәрілік заттардың дозасын және шығынын айтарлықтай азайтады. Бастысы – денсаулыққа ешқандай зиянды әсері болмайды.

Сонымен қатар полимерлі көз пленкалары көзге арналған тамшылардың негізгі кемшіліктерін жоюға мүмкіндік бермек. Көзге арналған тамшылардың емдік мерзімі қысқа болады. Көбіне тамшылар көз жасымен қоса немесе басқа да түрлі себептермен сыртқа шығып кетеді. Ал бұл жасаған полимерлі пленка көз жасымен байланысқа түскен кезде бірте-бірте еріп, препарат ұзақ уақыт бойы көз ішінде сақталады. Импортталған фармацевтикалық нарықта полимерлерге негізделген көз дәрі-дәрмектерінің түрлері бар. Жұбановтық ғалым жасаған көзге арналған дәрілік пленкалар бактериалды этиологияның көз ауруларын емдеуге арналған. Яғни бұл микробқа қарсы препараттардан, атап айтқанда, ципрофлоксацинмен әсер ететін антибиотиктен әзірленген.

Полимер негізінде жасалған дәрілік форма босатылған дәрілік препараттың мөлшерін реттеуге мүмкіндік береді. Дайындалған көз пленкалары 6-8 сағатқа дейін емдік әсерін бере алады. Алдағы уақытта ғалым дәрі-дәрмектің әсер ету уақытын мүмкіндігінше ұзақ уақытқа арттырудың әдіс-тәсілдерін анықтауды жоспарлап отыр.

Айта кету керек, Гузель Қабілетқызының «Жергілікті дәрі-дәрмектерді жеткізуге арналған функционалды биополимерлер негізінде пленкалы дәрілік формалар» тақырыбындағы жобасы 2022-2024 жылдарға арналған «Жас ғалым» конкурсында гранттық қаржыландыруға ие болды.

Өзгелердің жаңалығы