Қазақстандық фильмдер шет елдерде көрсетіліп, қаражат жинап жатыр

19 Ақпан 2024, 14:36
412
Бөлісу:
Қазақстандық фильмдер шет елдерде көрсетіліп, қаражат жинап жатыр
Фото: pixabay.com

Қазақстандық фильмдер стриминг-платформаларда және шет елдерде қаражат жинап жатыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев мемлекеттің қаржысына түсіріліп жатқан фильмдер бөлінген қаржыны ақтамай жатқанын айтып, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдаған болатын. Министр мәжілісменнің сауалына жауап берді. 

Аида Балаева атап өткендей, «Кинематография туралы» заңына сәйкес ұлттық фильмдер шығаруға мемлекеттік қолдау көрсету жөніндегі бірыңғай оператордың қызметін ұйымдастыру функциясы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына берілген.

2019-2023 жылдар аралығында бірыңғай оператор арқылы мемлекет 100 киножобаны қаржыландырды. Бұл ретте фильмді шығару жұмысы аяқталғаннан кейін оны ілгерілету үшін фильмді өндірушілерге лицензиялық құқықтар беріледі. Компанияның бүкіл әлем бойынша картинаны жалға беруден және көрсетуден түскен табысы барлық роялти салықтардан, дистрибьюторлар мен сатушының комиссияларын алғаннан кейін, кинотеатрлардың үлесін және басқа да салықтарды шегергеннен кейін бірақ есептелетіндігін атап айту керек. Сауалда көрсетілген фильмдер және жалпы мемлекеттік қаржылық қолдау бойынша шығарылған 100 фильмнің жартысы әлі де стриминг-платформаларда және шет елдерде қаражат жинап жатыр, - делінген Мәдениет және ақпарат министрінің жауабында.

Бүгінгі күні «Время патриотов» фильмінің кассалық алымдары мен сатылымдары бүкіл әлем бойынша 580 000 000 теңгеден астам соманы құрады. Қазірдің өзінде фильм Жапонияда, Индонезияда, Тайваньда, Ресей Федерациясында және ТМД елдерінде прокатқа шықты, ал таяу арада Қытайдағы, Оңтүстік Кореядағы, АҚШ-тағы және Латын Америкасындағы көрермендерге жол тартады.

Бекболат Шекеровтің «Лето 1941-го года» фильмін прокаттаудан, стриминг-платформалар мен ТВ-ға сатылымдарынан түскен кіріс 8 128 252 теңге.

Эмир Байғазинның «Жизнь» фильмі 2022 жылы прокатқа шығып, барлығы 650 300 теңге жинады. Сонымен бірге фильмнің әлемдік премьерасы әйгілі Торонто кинофестивалінде көрсетілді. Картина Токио кинофестиваліне қатыстырылып, Қазақстан атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылды.

2023 жылғы қарашада ғана прокатқа шыққан «Бүркіт» фильмі аз уақыт ішінде 254 374 050 теңге (киножобаның бюджеті 340 000 000 теңге) кіріс түсірді. Ақан Сатаевтың «Боксшы» фильмі 2021 жылы желтоқсанда прокатқа шығып, 24 989 850 теңге пайда тапты. Одан кейін фильм «Кинопоиск» стримингплатформасына орналастырылып, қазір қаражат жинау үстінде, - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар заңға сәйкес ұлттық фильмді қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілген өндірістік компаниялар ұлттық фильмдерді прокаттаудан және көрсетуден түскен кірістерінің 20 пайызын орталыққа аударады.

Осы тұрғыда, елдің кинотеатрларында тек толықметражды фильмдер ғана көрсетілімге шығады, ал қысқаметражды, деректі және анимациялық фильмдер телевидениеде, платформаларда, сондай-ақ кинофестивальдарға қатысу үшін көрсетіледі. Олар кинотеатрларда көрсетілмейді, прокатқа шықпайды. Бұл жердегі басты мақсат жас режиссерлерді қолдау, олардың кинодағы алғашқы қадамдарына серпіліс беру. Жалпы, фильмдердің жанрына қарай бюджеті әркелкі болады. Оның ішінде комедия жанрының бюджеті ең төмен болса, күрделі қойылымды тарихи фильмдер ең қымбат жанр. Демек салыстырмалы түрде әлемдік киноиндустрияға қарағанда, Қазақстандағы комедиялық фильмдерге бюджеттің аз бөлінетініне қарамастан, комедия жанры сұранысқа ие, - делінген Балаеваның ресми жауабында.

Осыған қарамастан мемлекеттің басты мақсаты өз идеологиямызды, тарихымызды дәріптеу болғандықтан мемлекет қаражатты тарихи патриоттық жəне имидждік фильмдерді шығаруға бөледі.

Мемлекет тарапынан қоғамның патриоттық, рухани-адамгершілік, зияткерлік және мәдени әлеуетін арттыруға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған тарихи фильмдерді көптеп түсіруге ерекше көңіл бөлінеді. Кино саласын одан әрі жан-жақты жетілдіру мақсатында «Ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды шығаруға мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін оларды іріктеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізіп, 2024 жылғы 1 ақпанда мемлекеттік органдарға келісу үшін жолданды. Бұйрықтың жобасы мемлекеттік органдармен жұмыс тәртібінде пысықталып жатыр.

Сонымен қатар министрлік Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың кинематография саласын реформалау жөнінде берген тапсырмаларын орындау мақсатында «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы