Қазақстан құрамасы Қытайдың Хэфэй қаласында өткен ескек есу спортынан Азия чемпионатын сәтті аяқтап, жалпы есепте үшінші орынды иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл жарыс Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңдерінің бірі болып саналады.
Жарыстың соңғы күнінде қазақстандық спортшылар қоржынға тағы 7 медаль қосты. Оның ішінде 3 күміс және 4 қола жүлде бар.
Күміс медаль иегерлері қатарында:
байдаркада 500 метр қашықтықта Бекарыс Раматулла
5 шақырымдық қашықтықта Кирилл Тубаев пен Стелла Суханова
Қола жүлдегерлер:
каноэдағы аралас экипаж Сергей Емельянов пен Руфина Искакова
Мария Бровкова мен Стелла Суханова
Сондай-ақ әйелдер құрамасы (Эвелина Костенко, Ольга Шмелёва, Татьяна Токарницкая, Стелла Суханова)
Айта кетейік, бұл жарыста 16 жастағы Эвелина Костенко ересектер арасындағы Азия чемпионатында алғаш рет өнер көрсетсе, 19 жастағы Владислав Руденко да тұңғыш рет сынға түсті.
Ал ең табысты спортшылардың бірі – Ольга Шмелёва. Ол 4 медаль жеңіп алып, соның ішінде алтын жүлдені де еншіледі. Сондай-ақ Стелла Суханова да жоғары нәтиже көрсетіп, алтын, күміс және екі қола медаль иеленді.
Жалпы есеп бойынша Қазақстан құрамасы 2 алтын, 5 күміс және 9 қола медальмен үшінші орынға тұрақтады. Алғашқы екі орынды Қытай мен Өзбекстан иеленді.