Түркиядағы оқу-жаттығуда қазақстандық десантшы Қазақстан туын әуеде желбіретті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстандық десантшылар Түркияда өтіп жатқан EFES-2024 көпұлтты командалық-штабтық оқу-жаттығуларына қатысуда.
![Қазақстандық десантшы Түркияда Қазақстан туын әуеде желбіретті](/userfiles/images/f548fece124fd65cd3b64185232f7c41_1280x720.jpg)
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Қазақстан құрамасының сапында Алматы, Қонаев, Жетісу гарнизондарының құрамалары мен әскери бөлімдерінің үздік әскери қызметшілері бар.
EFES-2024 оқу-жаттығулары тәжірибе алмасу, қатысушы елдер әскери қызметшілерінің бірлескен қызметін ұйымдастыру, олардың кәсібилігі мен штаб офицерлерінің картада шешім қабылдау дағдыларын арттыру мақсатында өткізіледі.
Қазақстандық десантшылар қатысатын практикалық іс-шаралар Измир қаласының маңындағы «Доғанбей», «Картал» полигондары мен «Қырғыз» жаттығу алаңында өтуде.
![Қазақстандық десантшы Түркияда Қазақстан туын әуеде желбіретті](/userfiles/images/a237a3be018df8e6f0c5a31abb3ed3ae_original_16835.jpg)
Маневрлер барысында қазақстандық парашютшілер тобы Түркия Республикасының INTUDER және француздық LEGEND-M парашют жүйелерімен танысты, сондай-ақ Қазақстанда пайдаланылатын INSIDER-300 SF парашют жүйесін көпұлтты контингентке ұсынды.
Атыс позициясының теориялық негіздерін және REMINGTON, Mc MILAN TAC-50, M-110 мергендік мылтықтарының тактикалық және техникалық сипаттамаларын зерделегеннен кейін Десанттық-шабуылдау әскерлерінің мергендік жұбы 300 және 500 метр қашықтықтағы нысанаға дәл тигізе білді.
Шабуылдау тобының міндеттеріне 5-7 метр биіктіктен фал бойынша десант түсіру және көпұлтты контингент құрамында террористік топты жоюға қатысу кіреді.
![Қазақстандық десантшы Түркияда Қазақстан туын әуеде желбіретті](/userfiles/images/798b3c7252516b18bc5af58a709dcda9_1280x720.jpg)
Күндізгі және түнгі уақытта авиа көздеушілер құрамындағы тактикалық топ нысанаға лазерлік бағыттау бойынша күндізгі және түнгі міндеттерді пысықтайды. Ал санитар нұсқаушылар теңіз десантын түсіру жөніндегі іс-шараларға қатысады.
Оқу-жаттығу басшылығы Қазақстан туымен парашютпен секірген 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасы 9-ротасының сержанты 2-сыныпты сержант Серік Ноғаевты ерекше атап өтті. Ол 3200 метр биіктіктен желдің екпіні секундына 8 метрден асатын күрделі метеорологиялық жағдайда секірген.
EFES-2024 көпұлтты оқу-жаттығулары 30 мамырға дейін жалғасады. Белсенді кезеңде қазақстандық десантшылар оқу-жаттығу жоспарына сәйкес оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауы тиіс.