Қазақстандық әзірлемелер «ИННОПРОМ. Беларусь» көрмесінде ұсынылды

Қазақстаннан Минскідегі көрмеге 20 компания қатысуда

 Primeminister.kz сайты 1 Қазан 2026, 21:11
1 Қазан 2026, 21:11
161
Фото: Primeminister.kz сайты

ЕАЭО-ға қатысушы елдер мен бақылаушы мемлекеттер делегацияларының басшылары "ИННОПРОМ. Беларусь" көрмесіне барып, экспозициялармен, соның ішінде Қазақстанда өндірілетін инновациялық өнімдермен танысты.

Қазақстан «ИННОПРОМ. Беларусь» халықаралық көрмесінде машина жасау, цифрландыру, тау-кен металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы 20 компанияның өнімін ұсынды.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков биыл экспорттық әлеуеті зор жаңа әзірлемелерге баса назар аударылып отырғанын атап өтті. Олардың арасында теміржол дөңгелек жұптары және 1520 мм-лік жолтабанға арналған, қолдану мерзімі ұзара түскен теміржол дөңгелектерінің жаңа S-тәрізді дискісі бар.

Отандық теледидар өндіруші DS Multimedia CA компаниясы Өзбекстанға, Қырғызстанға және басқа елдерге өнім экспортын кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазір өнімдер Ресейге жеткізіледі. Соңғы жылы зауытта бір тәуліктегі өнім көлемі 600-700-ден 1200-1300 теледидарға дейін екі есеге жуық өсті.

Қазақстандық тұрмыстық техника өндіруші Almaty Turmystyq Tehnika Zavody компаниясы 2024 жылы 30 мың бірліктен 2025 жылы 55 мың бірлікке дейін бұйым шығарды, ал 2026 жылдың қорытындысы бойынша 100-110 мың бірлікке дейін өнім шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, кәсіпорын экспорттық бағыттарды кеңейтіп, ТМД елдерінің нарықтарында жаңа жол іздейді. Дамудың келесі кезеңі – 2028 жылы тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтардың жаңа желісін іске қосу.

Қазақстандық Maker компаниясы аса агрессивті ортада жұмыс істеуге арналған өнеркәсіптік сорғыны таныстырды. Өнімділігі сағатына 180 текше метрге дейін жететін сорғы кеніштердегі суды бұруға, сондай-ақ өндірістік процестердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін арттыруға арналған. Компания өнеркәсіптік сорғылар желісін кеңейтіп, экспорттық нарықтарға шығуды жоспарлап отыр.

KSP Steel тұтас бөлікті құбырлар өндірісі мен экспортын кеңейтуде. Бір жыл ішінде кәсіпорын АҚШ-қа өнім жеткізу бойынша жалпы сомасы $93 млн-нан асатын келісімшарттар жасасты. Қазіргі уақытта аталған елге 4,5 мың тонна өнім жөнелтілді. Экспорт сондай-ақ Канада, Мысыр және Орталық Азия елдеріне жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, компания премиум бұрандалы қосылыстары бар және коррозияға қарсы жабыны бар құбырлар арқылы желіні кеңейтуде.

Компьютерлік және сервистік техниканы шығаратын Qazaq Investment Company компаниясы жақын арада Қазақстанда плата өндірісінің толық циклінің бірінші SMT-желісін іске қосуды дайындауда. Жаңа өндіріс алаңында серверлер, аналық платалар және жинақтауыштар шығару жоспарланған. Алдағы уақытта платаларға жасанды интеллект элементтерін интеграциялау көзделіп отыр. Жоба отандық комплектілер өндірісін кеңейтіп, импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.

Қазақстандық TrustExam.ai стартап қашықтан аттестаттау жүйесін өнеркәсіптік қауіпсіздік саласына кеңейтті. Прокторинг жүйесі бар платформа қазірдің өзінде Ресей, Канада, Үндістан және АҚШ-та қолданылады. «Газпромнефть» компаниясымен жасалған бес жылдық келісімшарт аясында 3–4 ай ішінде компанияның шамамен 100 қызметкері қазақстандық әзірлемені пайдалана отырып аттестаттаудан өтті.

Наверх