Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Гүлдер» мемлекеттік ансамблі Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Nomad Fest фестивалі аясында өткен «Этно-би» халықаралық байқауында Гран-при иеленді.
Байқауда Түркия, Болгария, Тыва Республикасы, Саха Республикасы (Якутия), Үндістан, Пәкістан, Қазақстан, Қырғызстан және басқа да елдердің кәсіби өнер ұжымдары бас жүлде үшін бақ сынады.
«Гүлдер» ансамблі байқауға екі қойылым ұсынды: TURAN ансамблінің музыкасына қойылған «Ер Тұран» және STEPPE SONSE тобының музыкасына қойылған «Қорқыт». Қазылар алқасы әртістердің орындаушылық шеберлігімен қатар, балетмейстерлердің кәсіби жұмысын да бағалады. Байқау қорытындысы бойынша Анвара Садықова мен «Гүлдер» ансамблі бірлескен шығармашылық жұмысы үшін Гран-приге ие болды.
Байқау бағдарламасына Анвара Садықова, Алмат Шәмшиев, Ернұр Қарықбол және Дана Мұсаның қойылымдары енді. Сонымен қатар фестиваль барысында ансамбль кеңейтілген хореографиялық бағдарлама ұсынып, гала-концертте Морис Равельдің музыкасына қойылған «Замана жаңғырығы» этно-балетін орындады.