Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицидтің негізгі себептері анықталды

Жансая ҚАМБАР
Бүгiн, 17:21
187
Бөлісу:

Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайларының басым бөлігі отбасындағы шиеленісті қарым-қатынастармен байланысты, ал әрбір төртінші оқиға мектептегі буллингтің салдарынан орын алған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, дер кезінде көрсетілген қолдау болғанда мұндай трагедиялардың едәуір бөлігінің алдын алуға болар еді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ranking.kz деректеріне сілтеме жасап.

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің мәліметіне сәйкес, жасөспірімдер арасындағы суицидтердің 62 пайызы ата-аналармен күрделі әрі жанжалды қарым-қатынас аясында болған. Тағы 10 пайыз жағдайда балалар қолайсыз отбасылық ортада өмір сүрген немесе қиын өмірлік жағдайға тап болған. Ал суицидке әрекет жасау мен аяқталған суицидтердің 22 пайызында білім беру ұйымдарындағы буллинг факторы тіркелген.

2025 жылдың сегіз айындағы балалар суицидіне қатысты жағдайларды терең талдау 122 эпизодтың 44-інде қайғылы оқиғаның алдын алуға мүмкіндік болғанын көрсетті. Алайда балалар омбудсмені кеңсесінің бағалауынша, мектептерде жүйелі психологиялық қолдаудың болмауы және дағдарыстың түпкі себептерімен жеткілікті жұмыс жүргізілмеуі балаларға уақытында көмек көрсетуге кедергі болған.

Сонымен қатар құқық қорғау органдарының ресми статистикасы әлдеқайда жалпылама сипатта. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сүйенсек, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында кәмелетке толмағандар арасындағы аяқталған суицидтердің 75,4 пайызында себептер анықталмаған. Ата-аналармен немесе туыстарымен жанжал небәрі 13 жағдайда ғана көрсетілсе, буллинг фактісі бар болғаны екі рет тіркелген.

Ал суицидке әрекет жасау жағдайларын талдағанда басқа көрініс байқалады. Мұнда отбасындағы жанжалдар негізгі қауіп факторларының бірі саналады, әсіресе қыз балалар арасында. Мәселен, кәмелетке толмаған қыздардың суицидке әрекет жасаған 126 жағдайының 94-інде оған дейін отбасылық қақтығыстар болған.

Сарапшылар статистикадағы мұндай алшақтық пен профилактикалық жұмыстың жеткіліксіздігі мектептерде психологиялық көмекті күшейтуді және жасөспірімдердің отбасындағы мәселелеріне анағұрлым мұқият қарауды қажет ететінін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы