Қазақстанның IT индустриясы соңғы жылдары қарқынды дамып, халықаралық деңгейде танылып келеді. Елдің стартап экожүйесі инновациялық идеяларды қолдап, оларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасауда. BAQ.KZ тілшісінің бұл мақаласында Қазақстанның IT саласындағы ең үздік 6 жобасы туралы айтылады.
Олар әртүрлі бағыттарда жұмыс істеп, тек ел ішінде ғана емес, шетелде де жоғары бағаланып, өз жетістіктерімен көзге түсуде. Бұл жобалар ғылым мен технологияны дамытудың маңызды көрсеткіші және болашақта жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
1. GoDays қазақстандық стартапы
GoDays стартапы Оңтүстік Кореяның KSGC (K-Startups Grand Challenge) бағдарламасының нәтижесі бойынша үздік IT-жобалардың бірі деп танылды. GoDays офис қызметкерлерінің пернетақтадағы басу жылдамдығы мен үлгілерінің өзгерістерін талдайтын модельді пайдаланады. Бұл модель күйзеліс, мазасыздық, күйіп кету және депрессияның алғашқы белгілерін жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қызметкерлердің мықты жақтарын талдап, олардың тиімділігін арттырады. Қазіргі уақытта GoDays Орталық Азия, Оңтүстік Корея және Жапониядағы Shell, Toyota, Choco сияқты ірі компаниялармен жұмыс істейді.
2. Neural Payments финтех-стартапы
Neural Payments стартапы (авторы – Д. Әбдіжапарова) Сингапурдың Antler венчурлық қорынан 125 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартты. Жоба идея сатысында 1,2 миллион долларға бағаланды. Neural Payments жасанды интеллект агенттері арасындағы төлемдерді автоматтандыруға бағытталған.
3. CodiPlay
CodiPlay жыл инновациясы ретінде танылды. Бұл жоба арқылы балалар C++, Scratch және Python бағдарламалау тілдерін аркадалық ойындар арқылы үйренеді. Жоба CodiKit робототехника жинақтарын IoT жобаларын құру үшін және CodiTeach веб-платформасын мұғалімдерді қолдау үшін ұсынады. Қазіргі таңда CodiPlay Қазақстан, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Катар, Ұлыбритания, Сауд Арабиясы, Әзербайжан және Индонезия мектептерінде қолданылады. Astana Hub резиденті болып табылатын жоба Seed Money бағдарламасы арқылы қаржыландыру алған. Сонымен қатар, NURIS қолдауымен CodiPlay Digital Public Goods Alliance (DPGA) бастамасынан цифрлық қоғамдық игілік мәртебесін иеленді.
4. KazLLM тілдік моделі
KazLLM – қазақ тіліндегі мәтіндерді өңдеуге, талдауға және генерациялауға арналған жасанды интеллекттің заманауи тілдік моделі. Бұл бірегей әзірлеме қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі қолданылуын дамытуға, бизнеске, ғылымға және қоғамға қолдау көрсетуге бағытталған.
5. «Shygys Bastau» технопаркі
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында құрылған «Shygys Bastau» технопаркі аймақтағы ғылымды дамытуға бағытталған. Оның басты мақсаты – ғылыми, коммерцияландырылған және стартап жобаларды қолдау. Қазіргі таңда технопаркте бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде: «Су нысандарын тазалауға арналған композиттік сүзгі материалдарын өндіру технологиясын коммерцияландыру» және «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қолдау құзыреттілік орталығы». Сондай-ақ, «Климаттың ғаламдық өзгеруі жағдайында Қазақстан агроценоздарының су режимін мониторингтеу және болжау» гранттық жобасы жүзеге асырылып келеді.
6. FORUS DATA стартапы
FORUS DATA стартапы төмен дозалы компьютерлік томография нәтижелері бойынша өкпе қатерлі ісігінің ерте кезеңдерін диагностикалау үшін нейрондық желі моделін әзірледі. Бүгінде жүйеге Қазақстанның 200-ден астам медициналық ұйымындағы 500-ден астам құрылғы қосылған.
Бұл жобалар Қазақстанның IT индустриясындағы инновациялық әлеуетін көрсетіп, еліміздің ғылым мен технология саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтуде маңызды рөл атқарады.