Қазақстандағы орташа жалақы 443 мың теңгеден асты: Ең жоғары және ең төмен жалақы қай өңірлерде?

Қазақстанда орташа жалақы 443 мың теңгеге жетті. Алайда инфляция салдарынан нақты табыс азайған. Ең көп жалақы қай өңірлер мен салаларда төленеді?

28 Шілде 2026, 18:09
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов 28 Шілде 2026, 18:09
28 Шілде 2026, 18:09
148
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы орташа атаулы айлық жалақы 443 315 теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,3%-ға жоғары. Алайда инфляцияны есепке алғанда қызметкерлердің нақты табысы 1,8%-ға төмендеген, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық статистика бюросының деректеріне сілтеме жасап.

Айта кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 85 000 теңгені құрайды.

Нақты табыс төмендеді

Статистикаға сәйкес, атаулы жалақы ақшалай мәнде өскенімен, бағаның қымбаттауы бұл өсімнің әсерін айтарлықтай төмендеткен.

Орташа жалақы 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 38 мың теңгеге артқанымен, инфляцияны есептегенде қазақстандықтардың нақты табысы азайып отыр.

Қазақстандықтар шын мәнінде қанша жалақы алады?

Сарапшылар орташа жалақы елдегі нақты табысты толық көрсете бермейтінін атап өтеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша:

  • орташа жалақы – 443 315 теңге;
  • медианалық жалақы – 317 512 теңге;
  • модальды жалақы – 116 059 теңге.

Медианалық жалақы – қызметкерлердің тең жартысы осы сомадан аз, ал қалған жартысы одан көп табыс табатынын білдіреді.

Ал модальды жалақы – еңбек нарығында ең жиі кездесетін жалақы мөлшері.

2024 жылмен салыстырғанда медианалық жалақы атаулы мәнде 11,1%-ға, ал нақты мәнде небәрі 0,4%-ға өскен. Модальды жалақы 19%-ға артса, инфляцияны есептегендегі нақты өсім 7,5%-ды құрады.

Ең жоғары жалақы қай өңірлерде?

Дәстүрлі түрде ең жоғары орташа жалақы мұнай-газ саласы дамыған өңірлер мен елордада тіркелген.

Көш басында:

Маңғыстау облысы – 623 059 теңге;
Атырау облысы – 613 062 теңге;
Астана – 594 164 теңге;
Ұлытау облысы – 586 978 теңге.

Мұндай жоғары көрсеткіштер мұнай-газ, тау-кен өндірісі және ірі инфрақұрылымдық жобалардың шоғырлануымен байланысты.

Ең төмен жалақы қай өңірлерде?

Ең төмен орташа айлық жалақы мына өңірлерде тіркелді:

Түркістан облысы – 318 990 теңге;
Солтүстік Қазақстан облысы – 326 679 теңге;
Жамбыл облысы – 327 401 теңге;
Жетісу облысы – 332 203 теңге.

Осылайша, ең жоғары және ең төмен орташа жалақы арасындағы айырмашылық 300 мың теңгеден асады.

Жалақы ең жылдам өскен өңірлер

Өткен жылы жалақының ең жоғары өсімі:

Ақмола облысында – 13,5%;
Алматы қаласында – 13,3%;
Жетісу облысында – 13,3%;
Павлодар облысында – 12,2%;
Қостанай облысында – 11,8% болды.

Жалақысы ең жылдам өскен салалар

2025 жылы орташа жалақының ең жоғары өсімі мына салаларда байқалды:

ауыл, орман және балық шаруашылығы – 21,7%;
ақпарат және байланыс – 14,8%;
көтерме және бөлшек сауда – 14,2%;
көлік және қоймалау – 14,1%.

Ең жоғары жалақы төленетін салалар

Жалақы мөлшері бойынша көш басында мыналар тұр:

  • тау-кен өнеркәсібі – 949 524 теңге;
  • қаржы және сақтандыру қызметі – 920 985 теңге;
  • ақпарат және байланыс – 834 522 теңге;
  • кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 656 257 теңге;
  • өнеркәсіп – 638 696 теңге;
  • көлік және қоймалау – 606 895 теңге.

Статистикаға сәйкес, қаржы саласындағы орташа жалақы республикадағы орташа көрсеткіштен 2,1 есе, ал ақпарат және байланыс саласында 1,9 есе жоғары.

Ең төмен жалақы төленетін салалар

Ең төмен еңбекақы мына салаларда тіркелген:

  • өнер, ойын-сауық және демалыс – 308 324 теңге;
  • ауыл, орман және балық шаруашылығы – 320 808 теңге;
  • білім беру – 322 678 теңге;
  • сумен жабдықтау және су бұру – 327 577 теңге;
  • денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету – 334 195 теңге.

Осылайша, Қазақстанда атаулы жалақы өсіп келе жатқанымен, инфляцияның әсерінен халықтың нақты табысы әлі де қысымға ұшырап отыр. Сонымен қатар өңірлер мен экономиканың түрлі салалары арасындағы еңбекақы айырмашылығы айтарлықтай жоғары күйінде қалып отыр.

Еске салсақ, Қазақстандықтарға 1,6 млн теңге айлық алудың жолы айтылды.

Тағы оқи отырыңыз: Қандай мұғалімдер 580 мың теңге айлық алатыны айтылды 

ҚазАвтоЖол басшысы қанша айлық алатынын айтты  

Наверх