Ресей бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Иркутск облысында оба ауруына күдік тудырған жағдай анықталғаннан кейін 200-ге жуық адам медициналық бақылауға алынды. Ресейдің Иркутск облысында ерекше қауіпті инфекция белгілері бар жағдайдың тіркелуіне байланысты Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды бақылап отыр. Ведомствоның алдын ала бағалауы бойынша, инфекцияның Қазақстанға келу қаупі төмен болып қала береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Денсаулық сақтау министрлігі жағдайдың тұрақты бақылауда екенін және елімізде алдын алу шаралары қабылданып қойғанын мәлімдеді.
Атап айтқанда, мемлекеттік шекара арқылы өту пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылау жүргізілуде. Көліктің барлық түрлерінде дене қызуы жоғары, ауру белгілері немесе ерекше қауіпті инфекцияларға күдігі бар адамдар анықталған жоқ.
«Алдын ала бағалау бойынша, инфекцияның Қазақстанға келу қаупі төмен болып қала береді. Жағдайды бағалау және қабылданып жатқан шаралар ресми ақпараттың түсуіне қарай нақтыланатын болады», – деп хабарлады министрлік BAQ.KZ сауалына.
Сондай-ақ ведомство азаматтарға сапарлардан кейін ауру белгілері пайда болған жағдайда медициналық көмекке жүгінуге және дәрігерге болған жерлері мен сапар күндерін міндетті түрде хабарлауға кеңес береді.
Қолда бар деректерге сәйкес, ресейлік мамандар эпидемиологиялық зерттеуді жалғастыруда. Нақты диагноз әлі ресми түрде расталған жоқ, жұқтырудың ықтимал көзі мен мән-жайы анықталуда.
Медициналық бақылауда 197 байланыста болған адам бар. Оларда ауру белгілері анықталған жоқ, зертханалық зерттеу нәтижелері теріс. Шелехов аудандық ауруханасында қажетті эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде.
Жексенбі күні, 4 қазанда Роспотребнадзордың баспасөз қызметі Иркутск облысында, Иркутск және Шелехов қалаларында санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін, оба жағдайлары анықталмағанын хабарлады.
Иркутск облысында 28 жастағы әйелдің қайтыс болуының себебі ретінде шығу тегі белгісіз пневмония аталуда.
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды тек ресми көздердегі ақпаратқа ғана сенуге шақырды.