Жылу, су және электр желілерін жаңартуға 13 трлн теңге жұмсалады

 ©BAQ.KZ коллажы 28 Шілде 2026, 10:55
28 Шілде 2026, 10:55
127
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

2025–2029 жылдары «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыруға 13 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық жоба Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2024 жылдың соңында қабылданды. Ол инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейін кезең-кезеңімен төмендетуге, энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға және коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.

Асан Дарбаевтың айтуынша, 2025 жылы жобаны іске асыруға қажетті институционалдық негіз толық қалыптастырылды. Бюджет, құрылыс және өңірлік саясат салаларына қажетті заңнамалық өзгерістер енгізіліп, жобаны басқарудың электрондық платформасы іске қосылды.

Ұлттық жобаны жүзеге асыруға табиғи монополия субъектілері саналатын 247 ұйым тартылды. 2029 жылға қарай тәуекел деңгейі жоғары дағдарыс аймағынан 70 коммуналдық кәсіпорынды шығару жоспарланып отыр. Тұрақты инфрақұрылымы бар кәсіпорындардың үлесі шамамен үштен екіге жетуге тиіс, – деді вице-министр.

2025–2029 жылдардағы инвестицияның жалпы көлемі 13 трлн теңгені құрайды. Оның 6,8 трлн теңгесі коммуналдық секторға, ал 6,2 трлн теңгесі энергетика саласына бағытталады.

Осы қаражат есебінен елде 84 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу және жаңғырту, жалпы қуаты 7 309 мегаватт болатын энергетикалық қуаттарды іске қосу, сондай-ақ 27 генерация нысанын салу және жаңғырту көзделген.

Нәтижесінде ел бойынша желілік инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі 40%-ға дейін төмендеп, нысандардағы апат саны 25%-ға қысқарады, – деді Асан Дарбаев.

2025 жылы 6,6 мың шақырым инженерлік желіні жөндеуге 547 млрд теңге бағытталды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде сегіз кәсіпорын тәуекел деңгейі жоғары «қызыл» аймақтан шығарылды.

Биыл жөндеу көлемін екі есеге жуық арттырып, 12 мың шақырымға жеткізу жоспарланып отыр. Жұмыстардың жалпы құны 1 трлн 138 млрд теңгеге бағаланады.

Осы соманың 759 млрд теңгесі құрылыс жұмыстарын қаржыландыруға бағытталды. Құны 379 млрд теңге болатын жобалар бойынша EPC-мердігерлер анықталып, жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, отандық тауар өндірушілерден материалдар сатып алынып жатыр, – деді вице-министр.

2026 жылы инфрақұрылымның тозу деңгейі аса жоғары аймақтағы тағы сегіз кәсіпорынды тозу деңгейі орташа санатқа ауыстыру жоспарланған.

2026 жылдың негізгі міндеті – дайындық кезеңінен ауқымды құрылыс-монтаж жұмыстарына көшіп, инженерлік желілерді жөндеу көлемін екі есе арттыру, – деді Асан Дарбаев.

Жобаға халықаралық қаржы тартылады

2025 жылдан 2026 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын қаржыландыру көлемі екі есе ұлғайтылды.

2026 жылға мақұлданған қарыз қаражатының жалпы көлемі 625 млрд теңгені құрайды. Жобаларды қаржыландыруға алты жетекші халықаралық қаржы институтының қатысуы көзделіп отыр.

Бұл шаралар ұзақ мерзімді әрі арзан қаржы ресурстарын тартуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде коммуналдық қызметтердің өзіндік құнына түсетін жүктеме азаяды. 2025 жылы жалпы сомасы 31,7 млрд теңге болатын қаржы тартылды, – деді Ұлттық экономика министрлігінің өкілі.

Ұлттық жобаның жүзеге асырылуын басқару электрондық платформа арқылы жүргізіледі. Онда жоспарлау мен жобалаудан бастап құрылыс жұмыстарын жүргізу және нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезең көрсетіледі.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың Smart Turmys бірыңғай цифрлық платформасының екі модулін енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегін тағайындау процесін де автоматтандыру жоспарланған.

Жылу желілерінің тозуы 52%-дан 48%-ға төмендейді

Ұлттық жоба іске асырыла бастағаннан бері жылумен жабдықтау саласына 533 млрд теңге инвестиция тартылды.

2025 жылы 259 шақырым жылу желісі жөнделді. 2026 жылы тағы 336 шақырым желіні жаңарту жоспарланып отыр.

Нәтижесінде жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 52%-дан 48%-ға дейін төмендейді. Апаттылық 7,2%-ға, жылу шығыны 1,6%-ға қысқарады. Тозу деңгейі аса жоғары кәсіпорындардың саны төртке азаяды, – деді Асан Дарбаев.

Оның айтуынша, Павлодар мен Теміртаудағы магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жұмыстары толық аяқталды. Осындай жұмыстар Орал қаласында жалғасып жатыр.

15 мың шақырымнан астам электр желісі жөнделеді

Электрмен жабдықтау саласында 15 758 шақырым желіні жөндеу көзделген.

2025–2026 жылдардың қорытындысы бойынша олардың орташа тозу деңгейін 67%-дан 62%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Апаттылық 3,9%-ға, ал электр энергиясының шығыны 0,6%-ға қысқаруға тиіс.

Жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру электрмен жабдықтау саласындағы тозу деңгейі аса жоғары кәсіпорындардың санын бірге қысқартуға мүмкіндік береді, – деді вице-министр.

Су және кәріз желілеріне 248 млрд теңге бағытталады

Сумен жабдықтау саласында шамамен 1,5 мың шақырым желіні жөндеу жоспарланған. Бұл мақсатқа 154 млрд теңге қарастырылған.

Нәтижесінде сумен жабдықтау желілерінің орташа тозу деңгейі 39%-дан 36%-ға дейін төмендеуге тиіс. Апаттылық 4%-ға, ал су шығыны 1,2%-ға қысқарады. Тозу деңгейі аса жоғары кәсіпорындардың саны алтыға азаяды.

Министрліктің мәліметінше, ең күрделі жағдай су бұру саласында сақталып отыр.

Бұл салада 803 шақырым желіні жөндеу жоспарланған. Инвестиция көлемі 94 млрд теңгені құрайды. 2025–2026 жылдардың қорытындысы бойынша орташа тозу деңгейі 55%-дан 52%-ға, ал апаттылық 2,5%-ға төмендейді, – деді Асан Дарбаев.

Су бұру саласындағы тозу деңгейі аса жоғары кәсіпорындардың санын үшке қысқарту жоспарланып отыр.

Көшбасшы және артта қалған өңірлер аталды

Жасалған EPC-келісімшарттардың үлесі бойынша Атырау және Жетісу облыстары көш бастап тұр. Екі өңірде де көрсеткіш 100%-ға жетті.

Орындалған жұмыстардың көлемі бойынша Павлодар және Қарағанды облыстары алда келеді.

Ал Шымкент қаласы, Алматы және Ұлытау облыстары бекітілген кестеден қалып отыр. Қызылорда облысы жобаларын жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырып жатыр.

Әкімдіктердің 2026 жылға арналған өтінімдер бойынша қатысу рейтингіне ерекше назар аударуды сұраймын. Ұлттық жобаның барлық қатысушысы 2026 және 2027 жылдарға белгіленген нысаналы индикаторлардың орындалуын қамтамасыз етуге тиіс, – деді вице-министр.

Қазіргі уақытта 2027 жылға арналған жобалар базасын қалыптастыру жалғасып жатыр. Бұл бағытта жалпы құны 131,4 млрд теңге болатын 26 жоба ұсынған Абай облысы көш бастады. Одан кейін Жетісу және Жамбыл облыстары тұр.

Соңғы орындарда Қостанай, Ұлытау және Ақтөбе облыстары орналасқан. Олар ұсынған жобалардың құны 4,1 млрд теңгеден 11,7 млрд теңгеге дейін жетеді.

Отандық өндірушілер 2 трлн теңгеге тапсырыс алады

Ұлттық жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде – жобалаудан бастап нысандарды пайдалануға беруге дейін қазақстандық кәсіпорындардың өнімін басымдықпен пайдалану жоспарланған.

2029 жылға дейін отандық өнімге деген қажеттілік шамамен 2 трлн теңгеге бағаланып отыр. Қазіргі уақытта E-Ondiris платформасында 492 отандық тауар өндіруші тіркелген.

Ұлттық жобаның институционалдық және қаржылық негізі толық қалыптастырылды. Іске асырудың алғашқы жылы қаржыландырудың барлық жеті тетігі мен цифрлық басқару жүйесінің тиімділігін растады, – дейді Асан Дарбаев.

Наверх