Қазақстанда жыл соңына дейін 2 мың шақырымнан астам жолдың орташа жөндеуі аяқталады

13 Қазан 2026, 09:45
АВТОР
 Көлік министрлігі 13 Қазан 2026, 09:45
13 Қазан 2026, 09:45
126
Фото: Көлік министрлігі

Қазақстанда 2026 жылы 4 мың шақырымнан астам республикалық маңызы бар автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Жыл соңына дейін 2 мың шақырымнан астам жолда орташа жөндеуді аяқтап, күрделі жөндеуден өткен тағы 97 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жұмыстар Мемлекет басшысының республикалық маңызы бар 10 мың шақырым автомобиль жолын жөндеу жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізіліп жатыр.

Қазір жалпы ұзындығы 3,6 мың шақырымнан асатын 124 учаскеде орташа жөндеу жалғасуда. Бүгінге дейін 1,2 мың шақырымнан астам жолдың төсем негізі дайындалды. Сондай-ақ 1,8 мың шақырымға асфальтбетон жабынының төменгі қабаты, 2,2 мың шақырымға жоғарғы қабаты төселді.

Көлік министрлігі

Күрделі жөндеу жұмыстары жалпы ұзындығы 343 шақырым жолды қамтиды. Бұл бағытта барлығы 60 нысан қарастырылған. Оның 29-ында жобаларды іске асыру жалғасып жатыр, ал екі нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы сегіз нысандағы жалпы ұзындығы 97 шақырым жолдың жөндеуін аяқтау көзделген.

Бұдан бөлек, республикалық жол желісін жаңғыртуға арналған жаңа жобалар әзірленуде. Жөндеу жұмыстары жолдардың жағдайын жақсартып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және өңірлер арасындағы тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жұмыстар барысында белгіленген мерзімдер мен сапа талаптарының орындалуына, жөндеу технологияларының сақталуына және жолдарды күтіп ұстауға басымдық беріліп отыр.

Көлік министрлігі
Наверх