Сенат депутаттары Қазақстан Республикасы мен Халықаралық валюта қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолияға арналған әлеуетті дамыту жөніндегі өңірлік орталық туралы меморандумды ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аталған меморандум мемлекеттік органдар қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын дамытуға және олардың біліктілігін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, макроэкономикалық талдау, ақша-несие және бюджет саясаты, қаржылық реттеу мен қадағалау, сондай-ақ макроэкономикалық статистика салаларында білімін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Құжатта көрсетілгендей, өңірлік орталықтың жұмысы Қазақстан мен бенефициар елдердің институционалдық әлеуетін нығайтуға, берік институттар қалыптастыруға және тұрақты өсімге бағытталған тиімді экономикалық саясат жүргізуге ықпал етеді.
Сенаторлардың пікірінше, бұл меморандумды ратификациялау елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді және ешқандай теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкелмейді.