Қазақстанда зейнетақы жүйесіне қандай өзгеріс енгізіледі?

2 Наурыз 2022, 16:19
2051
Бөлісу:
Қазақстанда зейнетақы жүйесіне қандай өзгеріс енгізіледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы министр Серік Шәпкенов Қазақстанның зейнетақы жүйесі қалай дамитыны туралы айтып берді. 

Серік Шәпкенов министрлік жұмысының болашақ зейнеткерлердің жағдайының нашарлауына жол бермеу үшін батыл шаралар қабылданып жатқанын айтты.

Оның сөзінше, бүгінгі таңда елімізде 2,2 млн зейнеткер бар, бюджеттен орташа зейнетақы мөлшері 99 937 теңгені құрайды.

2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азаматтарға өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін алу құқығы берілді. 2022 жылғы 18 ақпандағы жағдай бойынша барлығы 2,79 трлн теңгеге жуық сомаға 1 миллионнан астам өтініш мақұлданды, - деді министр.

Сонымен бірге жоғалған табысты зейнетақымен алмастыру коэффициенті ынтымақты зейнетақыдан жинақтаушы зейнетақыға көшуді ескере отырып, жыл сайын төмендейді.

БЖЗҚ актуарлық есебіне сәйкес, 2028 жылы зейнетақы орташа айлық жалақының шамамен 47,4%-ын ғана, 2040 жылы 39,2%, ал 2060 жылы бар болғаны 29,5% алмастырады. Сол себепті зейнетақы жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін қазіргі уақытта зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың қолданыстағы тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деп айтты Серік Шәпкенов.

Біріншіден, ең төменгі кепілдіктер жүйесін жетілдіру шеңберінде, 2028 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемінен ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу көзделген. Бүгінде оны тағайындаудың нақты тетігі қарастырылып жатыр. 

Екіншіден, 2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің 5% міндетті зейнетақы жарнасын енгізу көзделген. ЖМЗЖ енгізу қолданыстағы тұжырымдамада көрініс тапқан. Нәтижесінде азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін Халықаралық еңбек ұйымы ұсынатын стандарттан төмен емес деңгейде сақтау қамтамасыз етіледі.

Іс-шараға Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-министрі Кеңсесінің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, Кәсіподақтар федерациясы, «Атамекен» ҰКП, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Өзгелердің жаңалығы