Жамбыл облысында Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтуге ұйымдастырды деген күдікпен төрт адам ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Үшеуі – Қазақстан азаматы, біреуі – шетелдік. Олар «Нелегал – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында қолға түскен.
Полиция қылмыстық іс қозғады. Төрт күдіктінің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жалпы жедел іс-шара кезінде полиция көші-қон заңнамасын бұзудың 293 дерегін анықтады. Оның 53-і шетел азаматтарының заңсыз еңбек етуіне қатысты. Тағы 63 жағдайда шетелдіктердің келгені туралы ішкі істер органдарына уақытылы хабарланбаған немесе олардың елде болу ережелерін сақтауына жағдай жасалмаған.
Шетелдіктерді тиісті рұқсатсыз жұмысқа алған 15 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен Қазақстаннан 77 шетел азаматы елден шығарылды.
Сонымен қатар операция барысында мемлекетаралық іздеуде жүрген төрт адам ұсталды. Олардың біреуі – Қазақстан азаматы, үшеуі ТМД елдерінің азаматтары.
Полиция өңірде заңсыз көші-қон арналарын анықтау және олардың жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр.