Қазақстанда ведомстволық марапаттар жүйесін реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұған дейін ведомстволық наградалар саласында жүйесіздік пен шашыраңқылық болған. Соңғы бір-екі жылда бұл бағытта реттеу жұмыстары басталып, көптеген награда қысқартылған.
Қазір кімге берілді, қашан берілді, не үшін берілді деген мәліметтердің бәрі біріздендіріліп жатыр. Бұған дейін мұндай бірыңғай тізім болған жоқ, – деді ол.
Айтуынша, арнайы комиссия аясында барлық мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар беріліп, марапат жүйесін жүйелеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ ол бұл мәселеге қатысты заң жобасының неге ұзақ уақыт қабылданбай келгеніне де тоқталды. Депутаттың сөзінше, бұл тақырыпты Мемлекет басшысы бұған дейін көтергенімен, құжат Парламентте бірнеше рет талқыланған.
Заң жобасында ғалымдар, қоғам қайраткерлері, білім саласының қызметкерлері, шетел азаматтары, сондай-ақ меценаттар мен филантроптарды марапаттауға қатысты нормалар қарастырылған.
Мысалы, «Мейірім» ордені арқылы әлеуметтік нысандар салған азаматтарды ынталандыру тетігі енгізілмек.