Қазақстанда ұялы байланыс қашан жақсарады?

29 Тамыз 2023, 21:00
4235
Бөлісу:
Қазақстанда ұялы байланыс қашан жақсарады?
Фото: BAQ.KZ

Елімізде жыл өткен сайын цифрландыру деңгейі қарқынды дамып барады. Осы орайда ұялы байланыстың сапасы, мобильді операторлар мен интернеттің жұмысына қатысты мәселе де арта түсті. Саладағы проблемалар қалай және қашан шешіледі? BAQ.KZ материалынан оқи аласыздар.

Қазақстандықтар интернетті көп пайдаланады...

Мамандардың айтуынша, мобильді операторлардың абоненттері 2022 жылы 4596 петабайт мобильді деректер жұмсаған. Ал биылғы 6 айда бұл көрсеткіш 2693 петабайтқа жеткен.

Еліміздегі Tele2/Altel операторның басшысы Сергей Коньковтың айтуынша, желіде 2023 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда трафиктің өсімі 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға артық болған.

GSMA Intelligence агенттігінің мәліметінше, 2022 жылдың соңында абоненттің мобильді трафикті орташа әлемдік тұтынуы 12 Гб болған, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 17,2 Гб-қа тең. Қазақстан тұрғындары Сингапур, Түркия, Италия және басқа да көптеген елдердің тұрғындарына қарағанда трафикті көбірек жұмсайды.

Beeline мәліметінше, бүгінде абоненттер 5 жыл бұрынмен салыстырғанда мобильді трафикті 4 есе көп тұтынады.

«Қазақтелеком» инновациялар жөніндегі Бас директоры Нұрлан Мейірмановтың айтуынша, оларда бір абонент айына GPON технологиясы бойынша 316 ГБ, ал ADSL технологиясы бойынша 205 ГБ тұтынады.

Бұл үй шаруашылығындағы қалыпты орташа интернет тұтыну трафигі. Сонымен қатар Facebook, Instagram, Whatsapp, Google (Youtube), Akamai (TikTok), Netflix және түрлі ойын қосымшалары (Valve, Tencent) барлық танымал әлеуметтік желілер мен мультимедиялық платформалар интернет трафиктің 75%-ын қамтып отыр, - дейді ол.

Неге байланыс нашар?

Қазіргі кезде ұялы байланыстың, тіпті, Астанада нашар болуына бірнеше фактор әсер етіп жатыр. Мәселен бір елорданың өзінде интернет жетпеген «ақ тұстар» бар.

Дегенмен цифрлық министрлік мұндай «соқыр аймақтар»мәселесі жыл соңына дейін шешіледі деп сендірді. Мәселен қазіргі кезде елордада осындай 57 мекенжай бар. Министрлік байланыс операторларымен бірлесіп, 47 мекенжайда кездесу өткізіп, оның 16-сымен келісімге келді. Ал 13 аймақтың тұрғындары келісімге келмей, мәселені шешуден бас тартқан. Тағы 16 мекенжай бойынша келіссөздер жүріп жатса, қалғандырмен жыл соңына дейін кездесулер болады.

Өз кезегінде Tele2/Altel басшысы бұл жағдай оңынан шешіледі деген көзқараста. Ол Астана мен Алматыда тұратын клиенттер алдағы 6-9 айда байланыс сапасының жақсарғанын сезетініне уәде берді.

Біз осындай «ақ тұстарды» жоюмен алдағы 2 жылда барынша айналысамыз. Астана мен Алматыда мұндай жерлерді азайту үшін бағдарлама да әзірленді. Оны осы жылдың басында бастадық, сондықтан тұрғындар ұялы байланыс сапасының жақсаруы жақын арада байқайтын болады, - деді Сергей Коньков.

Мамандардың айтуынша, байланыс сапасының нашарлығына жаңа аудандардың тұрғындары жиі шағымданады. Себебі жаңадан салынған нысандар мен үйлер орнатылған құрылғылардың жұмыс істеуіне қатты әсер етеді.

5G-ге қашан көшеміз?

Мобильді операторлардың айтуынша, қазір олар салаға орасан инвестициясалып, 5G желісінің географиясын салу мен кеңейтуге жұмыс істеп жатыр.

Мәселен Tele2/Altel компаниясы еліміздің 10 қаласында 5-буынның желілері мен 4G желісін жаңартуды бастады.

5G технологиясын енгізе отырып, алдағы уақытта технологиялық өсуді көреміз, бұл елдің бизнесі үшін де, әрбір тұрғын үшін де – оқу, жұмыс істеу, коммуникация орнату, мазмұнды дүниелер жасау үшін жаңа перспективалар мен мүмкіндіктер ашады. Интернеттің мүмкіндігін пайдаланған қазақстандық креативті мамандар әлемдік деңгейде танымал болып, еліміздің әлемдік аренадағы оң имиджіне өз үлестерін қосатынына сенімдіміз, - деп сендірді Tele2/Altel Бас директоры Сергей Коньков.

Операторлардың дерегі бойынша ел халқының 94,36%-ында ұялы байланыс бар, оның ішінде 85,7%-ы LTE технологиясымен қамтылған.

Осы тұста биыл Қазақстанда әлеуметтік желілерді 18 және одан жоғары жастағы 11,05 миллион пайдаланушы қолданғанын айта кетейік.

Сондай-ақ «Қазақтелеком» да мобильді интернет желісіне қол жеткізудің тағы бір ірі сегментін жаңғыртуға кіріскен.

5G технологиясын енгізу – жиілік диапазонын 100 Мгц-ке дейін күрт арттыруға мүмкіндік береді. Бұл радио желідегі трафиктің көлемін жоюға мүмкіндік береді, яғни сапа жақсарады деген сөз, - дейді «Қазақтелеком» өкілі.

Осы тұста Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов елімізде 5G технологиясын таратуға арналған аукцион өткенін айтты. Оның сөзінше биылдың өзінде Астана, Алматы және Шымкен қалаларында 200-ге жуық базалық станция орнатылған.

Токионы басып оздық па?

Еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің «Астана мобильді интернеттің жылдамдығы бойынша Токионы да басып озды» деген сөзі қоғамда дау туғызып, кең талқыланған еді.

Осыған орай Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы министрдің бұл мәлімдемесін тарқатып көрді.

Speedtest деген халықаралық компания. Олар интернет жылдамдығы рейтингісін жасаумен айналысады. Яғни олар мемлекет және оның ішіндегі қалалар арасындағы интернет жылдамдығын өлшейді. Біз оларға ешқандай ақпарат жібермеміз, олар өлшемдерді өздерінің әдістемесі және қосымшасы арқылы жүргізеді. Сондықтан Астананың рейтингте көтерілуі нақты дерек, ешқандай жалған ақпарат жоқ, - деді Ержан Мейрамов.

Оның айтуынша, елорданың осындай көрсеткіші 5G технологиясының енгізілуніе байланысты.

Оператор пайда бола ма?

Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов «Жақында Қазақстанда жаңа мобильді оператор бола ма? Ондай ұсыныстар бар ма?» деген сауалға да жауап берді.

Әрине министрліктің басты мақсаты – бәсеке орнату. Одан бөлек біз саланы дамытумен айналысып, реттегіштің де қызметін атқарамыз. Мұнда 2 мәселе бар. Біріншіден, Үкімет тапсырма берді, яғни «Қазақтелеком» компаниясының ішіндегі 2 мобильді оператордың біреуінен шығару. Қазір инвесторлармен жұмыс істеп жатырмыз. Екіншіден, осы жылдың аяғына дейін 5G желісін сату үшін тағы бір аукцион ұйымдастырылады. Егер оны тағы бір инвестор жеңіп алса, онда жаңа мобильді оператор пайда болатын шығар, - деді комитет төрағасы.

Тариф қымбаттай ма?

Қазақстанда ұялы байланыс пен мобильді интернет бағасы қымбаттамаса, арзандамайтын түрі бар. Операторлардың айтуынша, оған себеп – электр энергиясының қымбаттауы, елдегі инфляция, салынған инвестиция, интернетті пайдаланушылардың артуы.

Мәселен желінің үздіксіз жұмысын қолдау үшін олар орташа есеппен жылына 70 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсайды. Бұл шығындарға жалға алу, трансмиссия, жөндеу жұмыстары және электр энергиясы және т.б. кіреді. Жыл сайын олар өсіп келеді.

Мысалы елімізде электр энергиясының құны 2022 жылдың 1 тоқсанынан 2023 жылдың 2 тоқсанына дейін 27%-ға қымбаттады. Салыстырып қарасақ, бір базалық станция 20 орташа пәтердің электр қуатын тұтынады екен. Яғни желінің өзіндік құны жыл сайын өсіп келеді, инфляцияға (оның 5 жылдағы жиынтық деңгейі 55% болды) және электр энергиясына тарифтердің өсуіне, сондай-ақ бағамның ауытқып тұруына байланысты, өйткені барлық жабдықтар шетел валютасында сатып алынады.

Олардың дерегінше, Қазақстандағы мобильді интернеттің бағасы әлемдегі ең арзандардың бірі саналады. Мәселен Internet Accessibility Index мәліметіне сәйкес, еліміз мобильді интернеттің құны бойынша әлемдегі 164 мемлекеттің ішінде 5-ші орында тұр.

Бұл ретте Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2022 жылдың 3-тоқсанында халықтың барлық тұтынушылық шығыстарынан байланыс қызметтеріне жұмсалатын шығыстардың үлесі бар болғаны – 3,3%.

Біздің компанияның 2020-2023 жылдар аралығында шығыны 200 млрд теңге болды. Соңғы 5 жыл ішінде базалық станциялар саны 90%-ға өсті, ал барлық техникалық инфрақұрылымға қызмет көрсететін команда 40%-ға артты. Біз жыл сайын мыңдаған базалық станциялар салып, жаңартып жатырмыз. Мысалы биыл мобильді желінің 450 мың элементінің 90 мыңын ауыстырып, жаңарттық, - деді Beeline өкілі.

Өзгелердің жаңалығы