Қазақстанда үй жанындағы дүкендер кооперациясы құрылады

25 Желтоқсан 2023, 10:52
472
Бөлісу:
Қазақстанда үй жанындағы дүкендер кооперациясы құрылады
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мәжілістегі Үкімет сағатында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев министрлік кооперативтік дүкендерді және «үй жанындағы дүкендер» кооперациясын құруды пысықтап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шаққалиев бизнес пен халық үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында қазіргі заманғы сауда форматтарының үлесін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Министрдің сөзінше, бүгінгі таңда Қазақстанда заманауи сауда форматтарының үлесі 31%. Көрші Ресейде бұл көрсеткіш 70%-дан асады, ал дамыған елдерде ол 90%-ға жетеді.

Қазақстанда сауда алаңдарымен қамтамасыз етілу халықаралық деңгейден төмен. Біздің міндетіміз – мемлекеттік қолдау құралдары арқылы 2027 жылға қарай сауданың қазіргі заманғы форматтарының үлесін 56%-ға дейін арттыру. Осы жылы Бизнестің жол картасында құрылыс салуға, қайта құруға немесе жабдықты сатып алуға кредит алатын сауда объектілері үшін сыйақы мөлшерлемесін төмендету қарастырылған, - деді Сауда министрі Мәжілісте.

Министрлік осындай функцияны іске асыру үшін нормативтік базаны жасайды. Оның айтуынша, сауда-саттықтың ұйымдастырылған және көп форматты қағидатын дамыту, сауда базарларын жаңғырту бағыттары бойынша шаралар қабылданады.

Қазіргі уақытта барлық сауда объектісін зерттеп жатырмыз. Зерттелген ақпарат сауда объектілерінің интерактивті цифрлық картасында көрсетіледі. Сауда-саттыққа қолайлы жағдай жасау үшін әкімдіктермен бірлесіп сауда алаңдарымен қамтамасыз етудің облыстық нормативтерін қабылдаймыз. Әртүрлі сауда-саттық – бұл өндірушінің қол жетімділігі үшін жәрмеңкелер, көше саудасы, жеткізу саудасы, көрмелер, «үй жанындағы» дүкендер сияқты көп форматты сауда-саттықты дамытуға ерекше назар аударылады, - деді министр.

Шаққалиев бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп ұлттық стандарттар әзірленетінін және қосымша ойыншылар тартылып, франшиза элементтері енгізілетінін атап өтті.

Біз кооперативтік дүкендерді және «үй жанындағы дүкендер» кооперациясын құруды пысықтап жатырмыз. Бұл шағын дүкендерге бірлескен көтерме сатып алуды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Болашақта біз оларды ауыл шаруашылығының өнімді сақтау, іріктеу сияқты орталықтарымен байланыстырамыз, бұл өнімдеріміздің ішкі нарығын молайтуға жақсы әсер етеді, - деп түсіндірді Сауда министрі.

Өзгелердің жаңалығы