Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ұлттық білім беру деректер базасын жаңғырту және оның негізінде Ұлттық білім беру платформасын құру мәселелеріне арналған кеңес өткізді.
Жиында Оқу-ағарту министрі мен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының жүйені жаңарту жұмыстарының барысы туралы баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ Шымкент қаласы, Түркістан, Ақтөбе және Алматы облыстары әкімдіктерінің өкілдері өңірлердегі білім беру ұйымдарын цифрландыру жұмыстары туралы айтты.
Жаңартылған жүйе бірінші сыныпқа қабылдау бойынша өтініш беруді толықтай онлайн форматқа көшіруге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда цифрлық жүйе арқылы 490 мыңнан астам өтініш қабылданған.
Техникалық, орта білімнен кейінгі және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау да автоматтандырылды. Қазірдің өзінде колледждерге 220 мыңнан астам талапкер қабылданған.
Нұрлыбек Нәлібаев Ұлттық білім беру платформасын енгізу білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетіп, автоматтандырып қана қоймай, бюджет шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Оның айтуынша, цифрландыру нәтижесінде үнемделген қаражатты білім беру жүйесінің басқа да басым қажеттіліктеріне бағыттауға болады.