Қазақстанда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша туберкулезбен сырқаттанушылық 11%-ға – 3 265 жағдайдан 2 919 жағдайға дейін төмендеді. Сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 14,23-ті құрады.
Жасөспірімдер арасында да сырқаттанушылық төмендеді
Эпидемиологиялық жағдай және медициналық ұйымдардың мониторингі нәтижелері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында қаралды. Туберкулездің алдын алу бойынша жұмыстың негізгі қорытындыларын ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова таныстырды.
Жасөспірімдердің арасында сырқаттанушылық 20,4%-ға төмендеді. 14 жасқа дейінгі балалардың арасында да оң динамика байқалады.
Сонымен қатар балалардағы жағдайлардың үштен біріне жуығы медициналық көмекке өз бетінше жүгінгеннен кейін анықталады. Бұл ауруды ерте диагностикалауды күшейтуді талап етеді.
Туберкулездің қайталануы
Туберкулездің қайталану жағдайларының саны 12,1%-ға қысқарды.
Жоғары қауіп тобындағы халықтың 95,9%-ы флюорографиялық тексерумен қамтылды. Нәрестелерді БЦЖ вакцинациялаумен қамту 88,5%-ды құрады. Өңірлерде ата-аналардың арасында вакцинациялау мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасады.
Сәуірден маусымға дейін мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың жаңа форматы шеңберінде денсаулық сақтау нысандарына ауқымды мониторинг жүргізілді. Қамту деңгейі 99,6%-ды құрады.
Негізгі назар инфекциялық бақылау талаптарының сақталуына, профилактикалық тексерулерді ұйымдастыруға және балалардың арасында туберкулезді ерте анықтауға аударылды.
Мониторинг нәтижелері бойынша 7 144 нұсқама берілді, олардың 60%-дан астамы орындалды. Анықталған бұзушылықтар бойынша заңнамада көзделген тиісті ден қою шаралары да қабылданды.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша өңірлерге, ең алдымен эпидемиологиялық қаупі жоғары аумақтарда ауруды ерте диагностикалауды күшейту, диспансерлік бақылау сапасын арттыру және туберкулезбен байланыста болған адамдарды тексеруді толық бақылауды қамтамасыз ету міндеттері қойылды.