Қазақстанда төрт баласы бар аналарға қанша теңгеден төленеді

9 Сәуір 2024, 17:02
3538
Бөлісу:
Қазақстанда төрт баласы бар аналарға қанша теңгеден төленеді
Фото: pixabay.com

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова депутат Ерлан Сайыровтың ана капиталына және босанған әйелдерге медициналық көмек беруге қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат бала туған әйелдерге тісін жөндеуге ақша беруді ұсынып, Ресейдің тәжірибесін мысалға келтірген болатын. 

Ресейдің тәжірибесі бойынша елімізде ана капиталын енгізу мәселесі бірнеше рет зерделеніп, талқыланды. Ресейде ана капиталы уақытша шара және халықтың туу көрсеткішін өсіру үшін жүзеге асырылады. Төлем сертификат түрінде рәсімделеді және оны бала 3 жасқа толғаннан кейін ғана белгілі бір мақсаттарға жұмсай алады (тұрғын үй сатып алуына, білім алуына жұмсауға). Алайда оны пайдалану үшін төлем қабілеттілігін растау қажет, - деді Дүйсенова.

Премьер-министр орынбасарының ресми жауабында біздің елімізде қарастырылған жәрдемақының Ресейдегі жүйеден айырмашылығы ол ай сайын төленеді және оны қолдануға шектеулер жоқ екені айтылған.

Мысалы, 2024 жылы 4 баласы бар отбасына ай сайын 59 183 теңге төленіп келеді, ол орта есеппен 18 жылда (кәмелеттік жасқа толғанға дейін) жалпы сомасы кем дегенде 12,8 млн теңге. Бұл көрші елдің төлемақысынан бірнеше есеге артық, әлдеқайда тиімді және жәрдемақы төлемдерінің уақытылы әрі тұрақты төленетініне кепілдік берілген. Аталған жәрдемақы төлемдерін отбасы жинақтауға мүмкіндігі бар және белгілі бір мақсаттарға ғана емес, қажеттілігі бойынша жұмсауға болады, - деді Тамара Дүйсенова.

Бұдан бөлек, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында балалар капиталын қалыптастыру үшін арнаулы заң қабылданды. Онда Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігін балалардың есеп-шотына аударып, оны білім алу және тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін жұмсауға мүмкіндік беру көзделген.

Бүгінгі күні Стандартқа сәйкес, перзентханадан шыққан барлық босанған әйелдерді тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) көрсететін денсаулық сақтау ұйымы мамандары қатаң бақылауға алады. Алғашқы үш күн ішінде үйлеріне барып, патронаж жасау арқылы әйелдің денсаулығы мен әлеуметтік жағдайын бағалайды. Бақылау барысында әйелдің денсаулығында ауытқулар анықталған жағдайда тегін тексерулер мен бейінді мамандар кеңесін тағайындайды, - делінген жауапта.

Қауіпті факторлары бар, ауыр жағдайда босанған әйелдерді диспансерлік бақылауға алып, тұрғылықты мекенжайы бойынша МСАК қызметкерлері бейінді мамандармен бірлесе отырып, амбулаторлық немесе стационарлық медициналық оңалту шараларын іске асырады.

Сонымен қатар Қағидаға сәйкес жүктілік кезінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде жүкті әйелдерге шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсетіледі.

Осы бұйрыққа сәйкес, тісті емдеу (карис, пульпит және т.б.) шаралары да МӘМС шеңберінде жүргізіледі.

Шұғыл көмек өмірге қауіп төндіретін айқын белгілерсіз созылмалы аурулардың өршуі кезінде көрсетіледі (пульпит (жедел немесе созылмалы түрдің өршуі), пародонтит (жедел және созылмалы өршу), жақ-бет жарақаты (мысалы, тістің шығуы немесе сынуы), стоматит және т.б.).

Жоспарлы көмек профилактикалық іс-шаралар кезінде, науқастың өміріне қауіп төндірмейтін, шұғыл және шұғыл медициналық көмекті қажет етпейтін аурулар мен жағдайларда көрсетіледі (жақтың немесе тістің рентгенографиясы, пломба, анестезияны қолдану арқылы қарапайым және күрделі тісті жұлу).

Өзгелердің жаңалығы