- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстанда тіркелген әрбір үшінші қылмыс – алаяқтық
Қазақстанда тіркелген әрбір үшінші қылмыс – алаяқтық
Бүгінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың басым бөлігі электронды форматта тіркеледі.
5 Тамыз 2026, 15:25
Қазақстанда тіркелетін қылмыстық құқық бұзушылықтар саны азайып келеді. Алайда алаяқтық бұрынғысынша ең көп кездесетін қылмыс түрі болып қалып отыр. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында елде тіркелген әрбір үшінші қылмыстық құқық бұзушылық алаяқтыққа тиесілі болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2026 жылдың қаңтар–маусым айларында Қазақстанда 57 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, деп жазады Ranking.kz сарапшылары. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,7%-ға аз. Ал 2016 жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда көрсеткіш 3,6 есеге төмендеген. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың азаю үрдісі соңғы жылдары тұрақты сақталып келеді. Тек 2022 жылы ғана бұл динамика уақытша өзгерген.
Бүгінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың басым бөлігі электронды форматта тіркеледі. Биылғы алты айда 52,7 мың іс, яғни барлық құқық бұзушылықтың 92,5%-ы цифрлық форматта рәсімделген. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 93,1% болған. Бұл интернетте жасалған қылмыстардың үлесі емес, қылмыстық істердің электронды форматта жүргізілетінін білдіреді. Мұндай жүйе құжат айналымын жеделдетіп, тергеу барысын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Электронды қылмыстық іс жүргізу статистикасы алғаш рет 2018 жылы енгізілді. Ол кезде барлық істердің небәрі 2,6%-ы ғана цифрлық форматта тіркелген. 2021 жылы бұл үлес 69,8%-ға, 2022 жылы 90%-ға жуықтады, ал соңғы төрт жылда 92%-дан жоғары деңгейде сақталып келеді.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, цифрландыру қылмыстық құқық бұзушылықтарды есепке алудың жеделдігі мен толықтығын арттырып, қылмыстық процестің ашықтығын күшейткен. Сонымен бірге ведомстволық бақылау мен прокурорлық қадағалауды жақсартып, қылмыстарды жасыру фактілерінің алдын алуға және процеске қатысушылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік берген. Комитет тіркелетін құқық бұзушылықтардың жыл сайын азаюын осы жұмыстармен байланыстырады.
Өңірлер бойынша ең көп қылмыстық құқық бұзушылық Алматы қаласында тіркелген – 10,4 мың. Астанада бұл көрсеткіш 7,4 мың, Алматы облысында 4,4 мың болды. Жылдық салыстыру бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар саны еліміздің барлық өңірінде азайған. Ең айқын төмендеу Қарағанды және Ақмола облыстарында байқалды.
Өңірлердің басым бөлігінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың 90%-дан астамы электронды форматта тіркелген. Ең жоғары көрсеткіш Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалса, ең төменгі үлес Алматы облысында тіркеліп, 81,1%-ды құрады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 124 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6,6%-ға аз. Ал 2015 жылмен салыстырғанда олардың саны үш еседен астам қысқарған. Өткен жылы электронды форматта 113 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, оның үлесі 91,1%-ды құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 94% болған.
Соңғы он жылда қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрылымы да айтарлықтай өзгерген. Ең көп тіркелетін құқық бұзушылық түрі бұрынғысынша алаяқтық болып отыр. 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында 19,5 мың алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,6%-ға аз болғанымен, барлық қылмыстық құқық бұзушылықтың 34,2%-ын құрайды. Ұрлық фактілері 16%-ға азайып, 10,3 мың болған. Есірткіге қатысты қылмыстар 6,8%-ға төмендеп, 4,1 мың жағдайды құрады.
Басқа да көптеген қылмыс түрлері бойынша төмендеу байқалады. Кісі өлтіру 3,3%-ға азайып, 203 жағдайды құраған. Тонау 21,1%-ға төмендеп, 453, қарақшылық 34,9%-ға азайып, 28 жағдай тіркелген. Бұзақылық 12,5%-ға азайып, 601, ал бопсалау 19,7%-ға төмендеп, 290 жағдай болған.
Өсім байқалған жалғыз қылмыс түрі – зорлау. Мұндай қылмыстар саны 2,2%-ға артып, 226-дан 231-ге жеткен. Сонымен қатар тағы 21,3 мың өзге санаттағы қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,3%-ға аз.
Соңғы он жылдағы өзгерістерге қарасақ, дәстүрлі мүліктік және көшедегі қылмыстардың саны айтарлықтай азайған. 2016 жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда ұрлық 11 есеге жуық, тонау 12,4 есеге, қарақшылық 15 есеге жуық, бұзақылық 14,1 есеге қысқарған. Кісі өлтіру 2,1 есеге, зорлау 4,2 есеге азайған.
Ал алаяқтық бойынша жағдай айтарлықтай өзгермеген. 2016 жылдың алғашқы жартысында 20 мың алаяқтық тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 19,5 мың болды. Яғни небәрі 2,4%-ға ғана азайған. Соның нәтижесінде алаяқтықтың жалпы қылмыстық құрылымдағы үлесі күрт өсті. Егер 2016 жылы алаяқтық барлық құқық бұзушылықтың 9,6%-ын, ал ұрлық 53,4%-ын құраса, биыл алаяқтықтың үлесі 34,2%-ға дейін өсіп, ұрлықтың үлесі 18,1%-ға дейін төмендеген.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдардың саны да азайған. Биылғы жылдың алғашқы алты айында 28,5 мың адам қылмыстық құқық бұзушылық жасаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 4,3%-ға аз. Айта кетейік, 2025 жылы бұл көрсеткіш керісінше 6,8%-ға өскен еді. Ал 2016 жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда құқық бұзушылық жасаған адамдардың саны екі есеге қысқарған.
Дегенмен бұл көрсеткішті тіркелген құқық бұзушылықтар санымен тікелей салыстыруға болмайды. Өйткені адам статистикаға тергеу аяқталып, іс сотқа жолданғаннан немесе күдіктіні ақтамайтын негіздермен тоқтатылғаннан кейін ғана енгізіледі. Сонымен бірге бір адам бірнеше құқық бұзушылық жасауы немесе бір қылмысқа бірнеше адамның қатысуы мүмкін.
Құқық бұзушылық жасағандар саны бойынша көш басында Алматы тұр – 4,3 мың адам. Одан кейін Астана (2,8 мың), Шымкент (2,2 мың), Алматы облысы (1,9 мың) және Түркістан облысы (1,7 мың) орналасқан.
Жылдық есепте құқық бұзушылық жасағандар саны ең көп азайған өңірлер – Батыс Қазақстан (22,4%), Қостанай (19,7%), Ақмола (19,2%), Қызылорда (14,5%) және Солтүстік Қазақстан (12,9%) облыстары болды. Ал Ұлытау облысында бұл көрсеткіш 14,5%-ға, Маңғыстау облысында 4,9%-ға, Түркістан және Абай облыстарында 3,6%-ға өскен. Сонымен қатар Астана мен Шымкентте аздаған өсім тіркелсе, Жамбыл облысында көрсеткіш өзгеріссіз қалған.
Жалпы статистика Қазақстанда қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны азайып келе жатқанын көрсеткенімен, олардың сипаты өзгеріп келеді. Дәстүрлі мүліктік және көшедегі қылмыстар сирегенімен, алаяқтық дерлік бұрынғы деңгейде сақталып отыр. Соның нәтижесінде құқық қорғау органдарының басты назары қоғамдық орындарды бақылаудан азаматтарды түрлі, әсіресе цифрлық және қаржылық алаяқтық схемаларынан қорғауға ауысып келеді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда қанша адам рақымшылықпен босатылғаны хабарланды.
Ең оқылған:
- Ерлан Қарин тойда уағыз айтқан ер адамға қатысты пікір білдірді
- Үш жасар бала куә болған қасірет: Атырауда әйелді өлтірді деген күдікті ер адам ұсталды
- Астанада видео түсіріп тұрып «ашуланған» жігіт 5 тәулікке қамалды
- Қазақстанда 46 жалған диплом және оларды сататын 20 сайт анықталды
- Қазақстан шоколадының дәмі өзгерді ме? Министрлік тексеріс жүргізді
Сымбат Сатыбалдина