Қазақстанда телефон алаяқтарына қарсы жаңа шектеулер енгізіледі

Енді ресми қоңыраулар арнайы таңбаланып, абоненттік нөмірлерді бөгде адамдарға беруге тыйым салынуы мүмкін. Сондай-ақ заңсыз әкелінген телефондарға бақылау күшейтіледі.

 ©ҰҚК баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 11:55
Бүгiн 2026, 11:55
211
Фото: ©ҰҚК баспасөз қызметі

Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев телекоммуникация саласына қатысты жаңа өзгерістерді таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, заң жобасының үшінші блогы телеком-инфрақұрылымды қорғауға және телефон алаяқтығымен күреске бағытталған.

Оның сөзінше, дата-орталықтарды стратегиялық нысандар қатарына енгізу ұсынылып отыр. Сонымен қатар оларды салу немесе іске қосу кезінде міндетті хабарлау тәртібі енгізіледі.

Бұл бақылауды күшейтіп, деректер қауіпсіздігі мен инфрақұрылымның тұрақтылығын арттырады, – деді Мәдиев.

Сондай-ақ интернет желісі мен IP-телефония қызметтерін лицензиялау талаптары жаңартылмақ.

Министр азаматтарды телефон алаяқтарынан қорғау үшін заңды тұлғалардан түсетін қоңыраулар арнайы таңбаланатынын айтты.

Бұл абоненттерге ресми қоңырауларды күмәнді қоңыраулардан ажыратуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Заң жобасында абоненттік нөмірлер мен ұялы телефондарды жақын туыстардан басқа үшінші тұлғаларға беруге тыйым салу да қарастырылған.

Бұдан бөлек, биометриялық аутентификацияға қатысты нормалар Цифрлық кодекске сәйкестендірілмек.

Мәдиевтің айтуынша, байланыс құрылғыларын верификация арқылы тіркеу рәсімі де жетілдіріледі.

Бұл заңсыз әкелінген құрылғыларды пайдалануды азайтып, IMEI ауыстыру арқылы жасалатын алаяқтық тәуекелдерін төмендетеді, – деді министр.

Наверх