Қазақстанда тегін дәрі-дәрмектерді қайта сатудың 25 мыңнан астам дерегі анықталды

Бүгiн 2026, 20:43
АВТОР
 ДСМ Бүгiн 2026, 20:43
Бүгiн 2026, 20:43
176
Фото: ДСМ
Таңбалау жүйесі дәріханаларда тегін берілетін дәрі-дәрмектерді қайта сатудың 25 мыңнан астам жағдайын анықтады. 

Соңғы екі жылда дәрілік заттарды цифрлық таңбалау жүйесі алғаш рет дәрілік препараттар айналымының нақты көлемін сенімді бағалауға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда шамамен 1 миллиард дәрілік препарат бірлігі таңбаланды. Оның ішінде шамамен 604 миллион бірлігі – импорттық дәрілік заттар, ал 400 миллион бірлігі – отандық өндірушілердің өнімдері. Сонымен қатар, 457 миллионнан астам қаптама айналымнан шығарылып, түпкілікті тұтынушыларға өткізілді, - деп хабарлады ДСМ баспасөз қызметі. 

Таңбалау жүйесін енгізудің маңызды нәтижелерінің бірі – күмәнді операцияларды автоматты түрде анықтау мүмкіндігі болды.

Жүйе тегін дәрілік қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттардың дәріханаларда қайта сатылуының 25 мыңнан астам жағдайын тіркеді. Бұған дейін бұрын сатылған препараттарды қайта өткізу, қаптамаларды ауыстыру немесе жарамдылық мерзімін заңсыз өзгерту сияқты заң бұзушылықтар негізінен бақылау тексерістері барысында анықталатын. Қазіргі таңда таңбалау жүйесі мұндай жағдайларды автоматты түрде тіркеп, жедел әрекет ету үшін ақпаратты уәкілетті мемлекеттік органдарға дереу жібереді, - делінген хабарламада. 

Осылайша, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі елдің фармацевтикалық нарығын үздіксіз онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін тиімді құралға ие болды. Реттеуші орган дәрілік заттар айналымына қатысушылардың саны туралы өзекті ақпаратқа қол жеткізе алады.

Жүйе сараптамалық бағалауларға сүйенбей-ақ импорт пен отандық өндірістің нақты көлемін көруге, әрбір дәрілік қаптаманың қозғалысын қадағалауға және азаматтардан шағым түспей тұрып-ақ күмәнді немесе әлеуетті қаупі жоғары операцияларды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.

ДСМ мәліметінше, әрбір қаптамадағы бірегей Data Matrix коды контрафактілік өнімдерді өндіру мен өткізуді технологиялық тұрғыдан едәуір қиындатады. Тіркелмеген дәрілік препараттарды немесе жалған өнімдерді айналымға енгізуге жасалған кез келген әрекет жүйе арқылы оларды өткізудің алғашқы әрекеті кезінде-ақ анықталады.

Наверх