Қазақстанда жаңа театр маусымы басталды. Астана, Алматы және өңірлердегі ірі опера, драма және музыкалық театрлар көрермендерін жаңа қойылымдармен қарсы алды. Сонымен қатар, елде театр билеттері айтарлықтай қымбаттағаны байқалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа маусыммен бірге театр саласындағы тағы бір өзгеріс назар аудартты. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл қаңтар-тамыз айларында театр билеттерінің бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,5%-ға өскен, деп жазады Finprom.kz. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Мәселен, 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында театр қызметтері 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда небәрі 7,2%-ға қымбаттаған болатын. Осылайша, театр билеттерінің бағасы соңғы бірнеше жылдағы ең жоғары қарқынмен өсіп отыр.
Статистика деректері бағаның күрт өсуі бір мезетте болмағанын көрсетеді. Негізгі өсім өткен жылдың күзінде және биылғы мамыр айында тіркелген. Мәселен, 2025 жылдың қазан айында театр қызметтері бір айдың ішінде 10,1%-ға қымбаттаса, қарашада өсім 6,9%-ды, желтоқсанда 8,1%-ды құраған. Ал 2026 жылдың мамырында баға тағы 5,8%-ға көтерілген.
Ең жоғары өсім Алматыда тіркелді
Өңірлер бойынша қарағанда, театр қызметтерінің қымбаттауы елдің 20 өңірінің 16-сында байқалған. Ең жоғары өсім Алматы қаласында тіркеліп, бір жыл ішінде театр билеттерінің бағасы 74,1%-ға артқан. Астанада бұл көрсеткіш 25,7%-ды құрады. Сондай-ақ Ақтөбе облысында бағалар 37,5%-ға, Павлодар облысында 30%-ға, Абай облысында 29,2%-ға өскен.
Соған қарамастан Қазақстандағы театр билеттері көрші елдермен салыстырғанда әлі де арзан саналады. Ашық дереккөздер мен театрлардың ресми сайттарындағы мәліметтерге сәйкес, биыл қыркүйек айында еліміздегі театр билетінің орташа бағасы шамамен 3 мың теңгені немесе 6,7 АҚШ долларын құраған. Салыстыру үшін Ресейде театр билеттерінің орташа құны 29,7 доллар болса, Өзбекстанда 8,5 доллар, Қырғызстанда 6,9 доллар деңгейінде.
Театр саны көбейіп келеді
Соңғы жылдары Қазақстанда театр саласының дамуы қарқын алып келеді. Елде жаңа театрлар ашылып, ғимараттар салынып, техникалық жабдықтарды жаңартуға қомақты қаржы бөлінуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі театрлар саны 85-ке жетіп, соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 11 театрға көп.
Өсім негізінен Алматы қаласының үлесіне тиесілі. Бір жылдың ішінде мегаполисте тоғыз жаңа театр ашылған. Нәтижесінде бүгінде Қазақстандағы әрбір үшінші театр Алматыда орналасқан.
Елдегі театрлардың 70 пайыздан астамы мемлекеттік мекеме болып саналады. Алайда соңғы жылдары жеке театр студияларының саны да артып келеді. Егер 2024 жылы мұндай студиялар саны 15 болса, өткен жылдың қорытындысында олардың саны 25-ке жеткен.
2020 жылдан бері театр саласында 37,8 млрд теңгенің негізгі құралдары пайдалануға берілген. Бұл қаржы жаңа ғимараттар салуға және театрлардың техникалық базасын жаңартуға жұмсалған. 2020 және 2021 жылдары Астанада үш жаңа театр ғимараты пайдалануға берілген.
Көрермен саны 3,2 миллион адамға жетті
Театрлардың ішкі көрсеткіштері де тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Өткен жылы театр қойылымдарын тамашалаған көрермендер саны 2,5%-ға артып, 3,2 млн адамға жеткен. Театрлар бір жыл ішінде 2,6 мыңнан астам рет қойылым көрсетіп, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 0,4%-ға көбейген. Ал жаңа спектакльдердің саны іс жүзінде өзгермей, 390-нан астам деңгейде сақталған.