Қазақстанда тауарлардың өткізілуі қалай бақыланады

30 Маусым 2022, 20:10
1760
Бөлісу:
Қазақстанда тауарлардың өткізілуі қалай бақыланады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік кірістер комитетінде тауарлардың өткізілуін бақылаудың жүргізіліп жатқан шаралары туралы айтып берді.

Белгілі болғандай, осы жылдың наурыз айынан бастап жекелеген елдер Ресей Федерациясына қатысты санкцияларды, оның ішінде Ресей Федерациясына тауарлардың белгілі бір түрлерін жеткізуге тыйым салған.

Мұндай тауарлардың басқа елдер арқылы жеткізілгені анықталған кезде (санкцияларды айналып өту) мұндай елдерге қатысты қайталама санкциялар қолданылуы мүмкін.

Біздің негізгі сауда серіктестеріміздің бірі ретінде Ресей Федерациясымен тығыз сауда-экономикалық қатынастарды ескере отырып, туындаған тәуекелдерді ескермеуге болмайды.

Қазақстандық экономика үшін залалға жедел ден қою және жол бермеу үшін ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті санкциялық тізімдерге кіретін тауарлардың импорты мен экспортына тұрақты мониторинг жүргізеді.

Аталған тауарларды Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясына әкету кезінде мемлекеттік кірістер органдарының электрондық шот-фактураны куәландыру тетігі іске қосылған, бұл тауардың шығарылған елін айқындауға мүмкіндік береді.

Бақылаудың бұл тетігі кедендік баждардың ставкалары ЕАЭО Бірыңғай кеден тарифінде белгіленгеннен төмен немесе «алып қою тауарлары» деп аталатын Қазақстан Республикасының аумағынан тауарларды әкетуге жол бермеу мақсатында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелу мен олардың айналымының кейбір мәселелері туралы хаттама (Бурабай хаттамасы) шеңберінде де қолданылады, - делінген ақпаратта.

Мәселен, қаңтар-мамыр айларында Ресей Федерациясымен тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай ауытқуларды көрсеткен жоқ.

Бұл ретте табиғи уран, болаттан жасалған тұтас таптамалы дөңгелектер және дизель отыны сияқты жекелеген тауар позициялары бойынша, яғни экспорт үшін дәстүрлі болып табылатын қазақстандық өндірістің тауарлары бойынша, оның ішінде Ресей Федерациясына экспорттың өсуі байқалады.

Осылайша, тауарлардың жекелеген топтарының Ресей Федерациясына экспортының өсуіне қарамастан, санкциялық тізімге кіретін тауарларды Қазақстан Республикасы арқылы кері экспорттау фактілері байқалмайды.

Өзгелердің жаңалығы