Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы он айында тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,6 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға көп. Бұл туралы Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу – өңдеу өнеркәсібін дамытудағы негізгі бағыттардың бірі. Қазір бұл саланың үлесіне елдегі өнеркәсіп өндірісінің шамамен 6 пайызы және өңдеу өнеркәсібінің 13 пайызы тиесілі.
Тамақ өнеркәсібінің негізгі бағыттарында да өсім байқалады. Атап айтқанда, өсімдік майын өндіру 24,1 пайызға артып, 938 мың тоннаға жетті. Ұн өндірісі 10,8 пайызға өсіп, 3,2 млн тоннаны құрады. Ал кондитерлік өнімдер өндірісі 7,1 пайызға артып, 210 мың тоннаға жетті, - деді ведомство өкілі Құрылтайда.
ЖИ
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы шикізатының негізгі түрлерін қайта өңдеу үлесін 70 пайызға дейін жеткізу міндетін қойған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 64 пайызды құрады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына инвестиция көлемі де артқан. 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция екі еседен астам өсіп, 389 млрд теңгеге жетті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 182,7 млрд теңге болған.
Бұдан бөлек, жалпы құны 120,4 млрд теңге болатын 53 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Оның 24-і мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, ал 29-ы өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге және сусындар өндірісіне бағытталған.