Қазақстанда тәлімгерлерге қандай талаптар қойылады

27 Ақпан 2024, 15:47
360
Бөлісу:
Қазақстанда тәлімгерлерге қандай талаптар қойылады
Фото: BAQ.KZ - архив

"Бала құқықтары туралы" заңына жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлік институтын енгізу туралы өзгерістер енгізілді. Өзгеріс жайлы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы қабылданды. Соның негізінде "Бала құқықтары туралы" заңына жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлік институтын енгізу туралы өзгерістер енгізілді, - деді ол.

Жолдас Батырхан атап өткендей, тәлімгер - балалар ұйымдарында тәрбиеленетін балаларға қолдау көрсететін және оларды жеке өмір сүруге бейімдеуге көмектесетін тұлға.

Қазақстанда тәлімгерлік алғаш рет 2013 жылдан басталды. Ал бүгінде жоба еліміздің 17 қаласында жүзеге асырылып келе жатыр. Жоба аясында 280-нен астам адам тәлімгерлік қызмет атқарып жүр. Тәлімгерліктің отбасылық нысаннан басты айырмашылығы – тәлімгер баланың қоғамға бейімделуіне көмектеседі және оны тәуелсіз ересек өмірге дайындайды, - деп айтты Жолдас Батырхан.

Сарапшының сөзінше, тәлімгерлер тиісті даярлықтан өткен және қорғаншыларға, патронат тәрбиешілерге қойылатын талаптарға сай келетін Қазақстан Республикасының азаматтары арасынан тағайындалады.

Жаңа нормалар тәлімгерлердің құқықтарын, міндеттерін бекітіп, жауапкершіліктерін айқындайды. Тәлімгерлік 10 жасқа толған жетім балалардың өз келісімдері негізінде тағайындалып, ерікті және өтеусіз негізде іске асырылады, - деп түсіндірді министрлік өкілі.

Сонымен қатар көпқабатты үйлердің құрылысы кезінде терезелері арнайы қауіпсіздік механизмдерімен немесе құлыптарымен жабдықталуы міндеттелді. Бұл балалардың терезелерден құлауының алдын алады.

Өзгелердің жаңалығы