Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында «Коммуналдық қалдықтарды басқару саласында инфрақұрылымды дамыту» тақырыбында өткен брифинг барысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңірлердегі қалдықтарды басқару жағдайын жақсарту мақсатында әкімдіктерге коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі функция жүктелген.
Әкімдіктердің ақпаратына сәйкес еліміздегі 207 қала мен аудан орталықтарынан 130 елді мекенде әртүрлі кезеңдерде қалдықтарды бөлек жинау, 103 елді мекенде сұрыптау желілері немесе қолмен сұрыптау ұйымдастырылған. 2023 жылы республика бойынша қатты тұрмыстық қалдық полигондарының саны 3016 бірлікті құрады. Оның ішінде, өкінішке қарай, экологиялық және санитариялық нормаларға сәйкесі – 624 (яғни, 20,6%). Әкімдіктермен және орталық мемлекеттік органдармен (Өнеркәсіп және құрылыс, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар министрлігі) бірлесіп шағын және шалғайдағы елді мекендерде қатты тұрмыстық қалдық полигондарын ресімдеу тетіктерінің пысықталып жатқандығын атап өткен жөн. Атап айтсақ, осы орындарға қойылатын міндетті ең төменгі экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық және құрылыс саласындағы талаптар талқылануда, - деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.