Қазақстанда сүйек метастаздарын емдеудің жаңа әдісі енгізілді

Отандық препаратпен емделген пациенттерде ауырсыну азайып, сүйек тініндегі метастаздық ошақтардың көлемі төмендегені байқалған.

 ҚР ПІБ МО баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 18:31
Бүгiн 2026, 18:31
133
Фото: ҚР ПІБ МО баспасөз қызметі

Қазақстанда ядролық медицинаның дамуы онкологиялық аурулары бар науқастарға көрсетілетін көмектің аясын кеңейтіп келеді. ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығында сүйек метастаздарын емдеуге арналған «Самарий-153 Sm Оксабифор» радиофармацевтикалық препараты қолданылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл әдіс 2024 жылдың соңында тәжірибеге енгізілген. Содан бері аталған терапияны 50-ден астам пациент қабылдаған. Мамандардың мәліметінше, жүргізілген зерттеулер препараттың ауырсыну синдромын азайтуға және сүйек тініндегі ісік ошақтарының белсенділігін төмендетуге ықпал ететінін көрсеткен.

Сүйекке таралған метастаздар науқастардың күнделікті өміріне елеулі әсер етіп, физикалық және психологиялық жағдайын күрделендіреді. Сондықтан қазіргі медицинада ауырсынуды азайтуға және өмір сапасын жақсартуға бағытталған емдеу тәсілдеріне ерекше назар аударылады. Солардың бірі – радионуклидтік терапия.

Ядролық медицина орталығында қолданылатын «Самарий-153 Sm Оксабифор» препараты сүйек тінінің зақымданған аймақтарына бағытталған әсер береді. Терапияның басты мақсаты – ауырсынуды бәсеңдету немесе оның қарқындылығын төмендету. Бұл өз кезегінде науқастардың қозғалыс белсенділігін сақтауға және жалпы жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Мамандар бұл әдістің тағы бір ерекшелігі ретінде оны қатерлі ісікті емдеудің басқа тәсілдерімен қатар қолдануға болатынын айтады. Атап айтқанда, радионуклидтік терапия химиотерапиямен, таргеттік, гормондық және иммундық еммен бірге жүргізіледі. Сонымен қатар емнен кейін ұзақ оңалту кезеңі талап етілмейді және ауыр жанама әсерлер сирек кездеседі.

Ядролық медицина орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, радиофармацевтика бағытының дамуы онкологиялық ауруларды емдеудің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр.

2024 жылдың соңында орталықта сүйек метастаздарын 153Sm Самарий Оксабифор препараты арқылы радионуклидтік терапиямен емдеу әдісі енгізілді. Қазіргі уақытта бұл емді 50-ден астам пациент қабылдады. Клиникалық бақылау және ОФЭКТ/КТ зерттеулерінің нәтижелері оң өзгерістерді көрсетті. Пациенттерде ауырсыну синдромының айқындылығы төмендеп, сүйек тініндегі метастаздық ошақтардың көлемі азайғаны байқалады. Бұл әдістің тиімділігін және оның онкологиялық науқастардың өмір сапасын жақсартудағы маңызын көрсетеді, – дейді Айгүл Сәдуақасова.

Терапияның нәтижесін ем қабылдаған пациенттер де атап өтеді. Олардың айтуынша, емдеу курстарынан кейін ауырсыну азайып, күнделікті қозғалыс пен белсенділік қалпына келе бастаған.

Қазір самарий препаратымен емнің үшінші курсынан өтіп жатырмын. Алғашқы курсқа тіреуішпен келдім, кейін таяқпен жүрдім. Ал үшінші курсқа ешқандай көмекші құралсыз, өз аяғыммен келіп отырмын. Менде сүт безінің қатерлі ісігі және сүйек пен омыртқадағы метастаздар бар. Қазақстанда осындай емнің қолжетімді екенін білген соң оны қабылдауға шешім қабылдадым. Қазір қатты ауырсынулардың басым бөлігі басылды, – дейді орталықтың пациенті.

Мамандардың пікірінше, «Самарий-153 Sm Оксабифор» препаратын қолданатын радионуклидтік терапияның енгізілуі отандық ядролық медицинаның дамуындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Соңғы бір жылда жинақталған тәжірибе бұл технологияның негізгі емдеу тәсілдерін толықтырып қана қоймай, науқастардың өмір сапасын жақсартуға ықпал ететінін көрсетті.

Наверх