Қазақстан мен Қытай халқының арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту мақсатында Қытайдың Қазақстандағы елшілігі сурет (дизайн) байқауын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл байқаудың тақырыбы – "Көрші елдермен ортақ болашақ қоғамдастығын құру – Қытай мен Қазақстан жаңғыру жолындағы серіктестер".
Байқауға қатысу үшін қатысушылар сапалы электронды суреттерін ұсынуы қажет. Елшілік ескерткендей, жұмыстар көлденең форматта, яғни ұзындығы мен ені 3:2 арақатынасында болуы тиіс. Сонымен қатар майлы бояу, акварель, эскиз сияқты қолмен салынған жұмыстар немесе Photoshop, Procreate секілді бағдарламаларда жасалған электронды суреттер қабылданады.
Байқаудың мазмұны Қытай модернизациясы мен екі ел арасындағы достықты көрсетуге бағытталуы керек. Бұл жұмыстарда шығармашылықпен қатар мәнерлілік те болуы шарт.
Байқауға қатысты маңызды күндер:
- Шығармаларды қабылдау мерзімі: 10 мамыр – 10 қыркүйек;
- Жұмыстарды қарау: 11 қыркүйек – 20 қыркүйек аралығында;
- Қарау нәтижелері: 20 қыркүйектен кейін қатысушыларға WhatsApp арқылы хабарланады.
Қосымша ақпаратты Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің Instagram парақшасынан табуға болады.