Қазақстанда су үнемдеу технологияларын қолдаудың кешенді бағдарламасы әзірленеді

24 Шілде 2026, 20:04
АВТОР
 Үкіметтің баспасөз қызметі 24 Шілде 2026, 20:04
24 Шілде 2026, 20:04
138
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанда ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологиясын енгізуді қолдауға бағытталған кешенді бағдарлама әзірленеді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Құжат суару инфрақұрылымын дамыту, шаруаларды қаржылай қолдау және отандық жабдықтар мен материалдарды пайдалануды ынталандыру шарасын біріктіреді.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин суармалы егіншілікті дамыту мәселесі жөніндегі кеңесте тиісті тапсырма берді.

Бағдарлама заманауи суару жүйелерін енгізудің барлық кезеңін – су көзінен бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің шаруашылығында жабдықты орнатуға дейінгі үдерісті қамтиды.

Бағдарлама аясында жаңбырлатып суару машиналарын, суару қондырғылары мен өзге де қажетті инфрақұрылымды сатып алуға жеңілдікпен қаржыландыру тетігі көзделеді. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, өсірілетін дақылдың ерекшелігі мен күтілетін экономикалық тиімділікті ескеретін егіншілік жүргізудің қаржылық моделі әзірленеді.

Мемлекеттік қолдау көрсету кезінде отандық өндірістегі техника мен жабдыққа басымдық беру жоспарлануда.

Айта кетейік, бүгін Ақтауда Қазақстан-Өзбекстан үкіметаралық комиссиясының 23-ші отырысы өтті.

 

Наверх