Қазақстанда су саласын таңдайтын студенттер саны өсіп келеді

Жаңа оқу жылында су саласы мамандықтарына 840 студент қабылданды.

1 Қыркүйек 2026, 16:30
АВТОР
 gov.kz 1 Қыркүйек 2026, 16:30
1 Қыркүйек 2026, 16:30
178
Фото: gov.kz

2026-2027 оқу жылында Қазақстанның жоғары оқу орындарында су шаруашылығы саласына қатысты мамандықтар бойынша 840 бірінші курс студенті білім алуды бастады. Осылайша, еліміздегі университеттерде су саласы мамандықтарын меңгеріп жатқан студенттердің жалпы саны 3 мыңнан асты.

Су ресурстары және ирригация министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда орта арнаулы оқу орындарында су шаруашылығы мамандықтары бойынша 800-ден астам студент білім алып жатыр. Оның ішінде 100-ден астамы биыл оқуға түскен.

Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бері салаға мамандар даярлайтын оқу орындарының саны артты.

2023 жылы Қазақстанда су шаруашылығы мамандарын даярлайтын 9 жоғары оқу орны мен 6 колледж болса, бүгінде олардың саны 13 университет пен 10 орта арнаулы оқу орнына жетті.

Су саласы мамандықтарына түсетін талапкерлерге арналған білім беру гранттарының саны да көбейді. 2023-2024 оқу жылында 262 грант бөлінсе, 2024-2025 оқу жылында бұл көрсеткіш 390 грантқа жетті. Ал өткен оқу жылында грант саны 1000-ға дейін артты.

Су саласы мамандарын даярлауда өндірістік тәжірибеге де көңіл бөлініп отыр. «Қазсушар» РМК кәсіпорындарында тәжірибеден өтетін студенттер саны жыл сайын артып келеді.

Мәселен, 2024 жылы 82 студент, 2025 жылы 470 студент, ал биыл 700-ден астам студент өндірістік тәжірибеден өтті.

Сонымен қатар шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Солтүстік Қытай электр энергетикасы университетімен, Венгриядағы Корвинус және Обуда университеттерімен, сондай-ақ Өзбекстандағы Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтымен қос дипломды білім беру бағдарламалары іске асырылуда.

Су ресурстары және ирригация министрінің міндетін атқарушы Нұржан Нұржігітов Білім күніне орай студенттер мен педагогтерді құттықтап, су саласы мамандарын даярлаудың маңызын атап өтті.

Қазақстанның барлық оқушысын, студенттері мен педагогтерін Білім күнімен құттықтаймын. Жаңа оқу жылында табыс тілеймін. Бүгін алған білім болашақ кәсіби қызмет үшін маңызды негіз болады. Өз тарапымыздан министрлік сала қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсарту бойынша қажетті шараларды қабылдап жатыр. Мәселен, екі жыл ішінде «Қазсушар» РМК-дағы орташа жалақы екі еседен астамға артты. Сонымен қатар шетелдік серіктестердің қатысуымен қолданыстағы мамандардың біліктілігін арттыру бағдарламалары да іске асырылып жатыр, – деді Нұржан Нұржігітов.

Наверх