Қазақстанда саяси дебат маңызды платформа ретінде қалыптасуы керек – сарапшы
Қазақстанда саяси дебат маңызды платформа ретінде қалыптасуы керек – сарапшы
«Өздеріңізге белгілі кейінгі жылдары көршілес елдерде, батыс елдерінде дебат, пікірталас бір жылға созылып жатады. Нәтижесінде дебаттан сайлауға дейін жеңіп жатады. Сондықтан Қазақстанда да саяси дебат маңызды платформа ретінде қалыптасуы керек».
Алматы қаласында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен, сарапшылардың қатысуымен қоғамдық-саяси мәселелерді талқылауға арналған «Сарапшылар алаңы. Сайлау-2026: Саяси науқанның сипаты» атты сараптамалық алаң өтіп жатыр. Жиын барысында мамандар сайлау науқанының ерекшеліктері, қоғамдық-саяси үрдістер және өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шараға саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері мен зерттеу орталықтарының өкілдері қатысып, өз бағаларын ұсынуда. Кездесу аясында қатысушылар сараптамалық баяндамалар жасап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап береді.
«Тұран» университетінің Халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебінің директоры Нұрболат Нышанбаевтың сөзінше, бүгінгі шараның мазмұны ерекше. Құрылтай сайлауының алдында кәсіби сарапшыларды жинап, саяси дебатты феномен ретінде талқылап жатыр.
Жалпы отандық саясаттануда партиялар арасындағы саяси пікірталас қаншалық қалыптаса алды? Себебі осыған дейін үш рет ашық дебатты көрдік. Мұндай дебаттар халықтың саяси мәдениетіне қаншалық ықпал етеді? Екіншіден, дебат халық партиялардың бағдарламасын аналитикалық тұрғыда қалай бағамдай алады? Себебі 23 тамыз күні азаматтар дауыс беру жәшігіне барған кезде партиялардың арасындағы талас, олардың мәселені шешуге ұсынысы партияны таңдауына тікелей әсер етеді. Бүгінгі жиында саяси сарапшылар бізде саяси пікірталас мәдениеті қаншалық қалыптасқанын талқылайды. Осы сынды маңызды концептуалды мәселе талқыланып жатыр, - дейді Нұрболат Нышанбаев.
Бүгінгі саяси сараптамалық алаң Алматыдан бөлек, бүкіл аймақта тікелей эфир арқылы көрсетіліп отыр. Сондықтан, Нұрболат Нышанбаевтың сөзінше, мұндай шаралар елде саяси институт ретінде саяси пікірталастың қалыптасуына ықпал етіп отыр.
Өздеріңізге белгілі кейінгі жылдары көршілес елдерде, батыс елдерінде дебат, пікірталас бір жылға созылып жатады. Нәтижесінде дебаттан сайлауға дейін жеңіп жатады. Сондықтан Қазақстанда да саяси дебат маңызды платформа ретінде қалыптасуы керек. Бүгін жиналып отырған сарапшылардың мақсаты да осы, - дейді Нұрболат Нышанбаев.
Сарапшының сөзінше, кез келген елде халық - саясатқа қызығушылығы пассив азаматтар.
Сондықтан телеарналар арқылы халықты тікелей саясатқа тарта аламыз. Құры бағдарлама, сөздерге қарағанда ашық, эмоцияға негізделген бір мәселеге түрлі шешім ұсыну арқылы саяси партиялар электорат жүйесін жаулай алады. Сондықтан алдағы саяси дебат мәселесін тек сайлау қарсаңында емес, басқа да өзекті мәселе аясында жүйелі түрде өткізіп тұру керек деп ойлаймын. Сол кезде біздің саяси белсенді халқымыз қалыптасады. Екіншіден, саяси мәдениетіміз де артады деп ойлаймын, - деп түйіндеді сарапшы.